Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Жиын барысында мемлекеттік әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуін қамтамасыз ету, кәсіпорындарда еңбек құқықтарының сақталуын қадағалау және жасанды интеллектіні енгізу бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар сараланды.
Жиынды ашқан Үкімет басшысы Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласында жаппай цифрландыруды жүзеге асыру тапсырмасын еске салып, Олжас Бектенов:
«Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жаппай цифрландыруды жүзеге асыру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл әлеуметтік-еңбек саласы үшін, әсіресе жүргізіліп жатқан реформа аясында ерекше маңызды. Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеті», — деп баса айтты.
Кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бахтияр Жазықпаев баяндама жасады. Олардың хабарлауынша, «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған, 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығына қатысты деректер біріктірілген. Әкімдіктер осы жүйе арқылы анықталған мұқтаж азаматтарды жұмыспен қамту, оқыту және кәсіп ашуға қолдау білдіруде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының, ал 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған.

Сондай-ақ, жиында әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру реформасы талқыланды. Әкімдіктер жүргізген тексерулердің нәтижесінде тұрмысы жоғары азаматтар үшін әлеуметтік жәрдемақылардың барлық 36 түрінің тек 14-іне өзгеріс енгізілетіні, ал қалған 22 түрі бойынша төлем тетіктері өзгеріссіз сақталатыны белгілі болды. Ал мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тәртібі толық көлемде сақталады.

Қазіргі таңда арнайы жұмыс тобы өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, SMS-хабарламалар арқылы 200-ден астам азамат өз еркімен жәрдемақы алудан бас тартқан. Осыған байланысты министрлік eGov Mobile қосымшасына енгізілетін, тұрмысы жоғары азаматтарға төлемдерден онлайн режимде өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа сервис жобасын таныстырды.
Премьер-министр азаматтарға ыңғайлы болу үшін отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтайтын калькуляторды жетілдіруді және екінші деңгейлі банктерді «Отбасының цифрлық картасына» қосуды жеделдетуді тапсырды. Бұдан өзге, Бірыңғай цифрлық платформа аясында жергілікті органдар көрсететін 66 әлеуметтік көмек шарасына ревизия жүргізіліп, қайталанатын 38 шара оңтайландырылды, ал қалған 28-і бірыңғай критерийлері бар 13 ірі бағытқа біріктірілді. Маусым айында іске қосылған бұл платформа арқылы 2,5 млрд теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 1,8 млрд теңгеден астам сомасы мақұлданған.

Еңбек саласындағы тәуекелдерді анықтау мақсатында 99 мыңнан астам кәсіпорын Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы арқылы мониторингтен өтуде. Төлемдерді кешіктіру және жалақы аномалиялары бойынша 2 792 кәсіпорында жоғары, ал 3 137 кәсіпорында орташа тәуекел деңгейі тіркелген. Сондай-ақ, АӘК тағайындауда компьютерлік көру технологиясы қолданылып, 89%-дан астам дәлдікпен 183 мыңнан астам өтініш өңделді.
Кеңесті қорытындылай келе, Олжас Бектенов мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері толық орындалатынын айтып, Олжас Бектенов:
«Бүгін біз әлеуметтік-еңбек саласындағы отбасының әл-ауқатын бағалау мен қолдау шараларын тағайындаудан бастап, еңбек қатынастарын цифрлық есепке алуға дейінгі цифрлық шешімдер мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл құралдардың сенімді деректерге негізделіп, азаматтардың мүддесіне бағдарланған бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде жұмыс істеуі маңызды. Олардың тұрақты жұмысын, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және азаматтар үшін нақты нәтижені қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан бұған дейін де әлеуметтік бағдарланған мемлекет болды және солай болып қала береді. Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін мұқтаждық пен атаулылық қағидатына көшіруді көздейтін ауқымды реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті қолдауды толық көлемде ала береді. Мұқтаж азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары толық көлемде сақталады. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу және кездесулер өткізу кезінде осы мәселеге ерекше назар аудару қажет», — деп түйіндеді.