Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ақжолдың ғана емес, Бекет пен Никитаның да анасы болдым…» – Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы (ФОТО)

15:30, 15 қазан 2026

Ақтаудағы трагедиядан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова әлеуметтік желідегі парақшасында бастан кешкен ауыр күндері мен халықтың көрсеткен қолдауы туралы жүрекжарды жазбасын жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Ана өз жазбасында ауруханада өткен күндерді еске алып:

«Ауруханада жатқан сол 3-4 күнде тек Ақжолдың ғана емес, Бекет пен Никитаның да анасы болдым…» деп ағынан жарылды.

Ол отбасы мен ағайын-туыстан бөлек, Ақжолдың Астанадағы топтастары бұрын-соңды танымаса да жанашырлық танытқанын, тіпті аурухана қызметкерлері де сәлемдемелерін беріп, қолдан келген көмектерін аямағанын жеткізді. Келіп жатқан тамақ пен көңілдің шегі болмағанын айтқан ана:

«Бірі тамақ әкелсе, бірі хабарласып жағдайымызды сұрап, бірі үнсіз ғана қолдауын білдіріп жатты. Әрқайсысының жасаған жақсылығы сол сәтте біз үшін баға жетпес еді», — деп алғысын білдірді.

Сондай-ақ ол ауыр күндері түйген ойымен бөлісіп:

 «Сол күндері бір нәрсені терең түсіндім: қиындықта адамның кім екені емес, жүрегінің қандай екені көрінеді», — деп жазды.

Жазба соңында ол өзін және балаларын жалғыз қалдырмай, уайымын бөліскен барша жандарға мың алғыс айтып, тілегін жеткізді:

«Бізді жалғыз қалдырмаған, уайымымызды бөліскен, балаларымызға жанашырлық танытқан баршаңызға мың алғыс! Алла әрқайсыңыздың жақсылығыңызды еселеп қайтарсын! Отбасыларыңыз аман, балаларыңыздың қызығын көріп, ешқашан осындай сынаққа тап болмасаңыздар екен! Рақмет сіздерге! Жақсылықтарыңыз жүрегімізде мәңгі сақталады».

Айта кетейік, ананың бұл жазбасына аталмыш оқиғаға қатысты басқа да сарбаздар мен оқырмандар өз лебіздерін білдіріп, жылы лебіздерін қалдырған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар