Жамбыл облысы Меркі ауданында «Барни» тәттісі үшін шыққан жанжалдан кейін көз жұмған 19 жастағы Мадина Рашидқызының анасы бұған дейін көпшілікке беймәлім болып келген сорақы жайттардың бетін ашты, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмның анасы осы қайғылы оқиға мен қызының көрген қорлығы туралы журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді.
Оның сөзінше, бойжеткен тұрмыс құрғаннан кейін күйеуінен үнемі таяқ жеп, бірнеше рет төркініне қашып келген. Алайда күйеуі қайта-қайта кешірім сұрап, оны үйіне алып кетіп отырған.
Марқұм Мадина Рашидқызының анасы қызының отбасындағы жағдайы мен қайын журт тарапынан жасалған қысым туралы былай деді:
«Қызым күйеуінің ұратынын айтатын, неше рет қайтып келді. Мадияр сол күні кешірім сұрап, звондайды, сол күні қайтадан кетеді үйіне. “Кетпе, кетпе” десем де, қайтып кететін. Полицияға бір рет шағымданған. Бірақ енесі: “Қызыма, қайын атаң түрмеде жатыр, неге сен үйге полиция әкелесің?” деген. Содан кейін шақырмайтын болған. Мадиярдың әкесі түрмеде. Авария жасап, бір адамды өлтіріп алған. Ол түрмеде болса да, қызым үйге келсе, “Қайт, қайт” деп звондайды. “Атамның сөзі – сөз” дейтін. Өзім әкесіз өстім деп, қатты сыйлайтын», — деп бөлісті марқұмның анасы.
Анасының айтуынша, күйеуінің әкесі жол апатын жасап, адам өліміне себепкер болғаны үшін қазіргі таңда түрмеде жазасын өтеп жатыр. Соған қарамастан, ол бостандықта емес болса да, келіні төркініне барып алған кезде хабарласып, үйге қайтуын талап етіп отырған. Ал кішкентайынан әкесіз өскен 19 жастағы Мадина қайын атасының сөзін екі етпей, қайтадан зорлық-зомбылық көрген шаңырағына оралуға мәжбүр болған.