Атырау облысы Жангелдин ауылында орын алған жантүршігерлік отбасылық трагедиядан кейін ұзақ уақыт бойы емделу курсынан өткен Ақбаян Мұқанғалиеваның бүгінгі жағдайы жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Еске салсақ, Ақбаян Мұқанғалиева — өз ата-анасының, ағасы мен әпкесінің қазасына кінәлі деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы зайыбы.
Қазіргі таңда Ақбаян денсаулығын қалпына келтіру процесін белсенді жалғастырып, қарапайым күнделікті тұрмыстық дағдыларды қайтадан меңгеруде. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалардан оның әріптер мен сандарды басынан бастап қайта үйреніп жатқанын, тігін тігуге машықтанып, қолөнермен айналысып жүргенін байқауға болады. Сондай-ақ ол дене белсенділігін біртіндеп арттыру мақсатында үстел теннисін ойнап жүр.
Десе де, денсаулық жағдайына байланысты оның уақытты ұзақ отырып өткізуі әлі де қиындық туғызады. Сол себепті әрбір жаттығу немесе айналысқан ісінен кейін міндетті түрде үзіліс жасап, тынығып алуына тура келеді.
Бүгінде Ақбаян білікті дәрігерлердің тікелей бақылауында болып, тұрақты түрде медициналық тексерулерден өтіп тұрады. Сондай-ақ туған-туыстары оған кәсіби психологиялық және психиатриялық көмек көрсете алатын білікті мамандарды іздестіруде, алайда әзірге тиісті мамандар табыла қойған жоқ. Бұдан өзге, оған күрделі стоматологиялық емдеу процесі қажет: қолда бар деректер бойынша, оның 18 тісіне шұғыл медициналық көмек көрсетілуі тиіс.

Айта кетерлігі, Ақбаян Мұқанғалиева — бес баланың анасы. Желіде жарияланған суреттердің бірінен оның өз перзенттерімен бірге түскенін көруге болады. Ал оның әлеуметтік желідегі жеке парақшасының сипаттамасында «Бес баланың бақытты, мейірімді анасымын» деген сөздер жазылған.