Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Екіге бөлініп жерде жатыр»: Қостанай облысында 60 жыл тұрған Ленин ескерткіші бұзылды

17:47, 15 қазан 2026

Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кентінде 60 жылдан астам уақыт бойы тұрған Владимир Лениннің ескерткіші толықтай бұзылып, тұғырынан алынып тасталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Ескерткіштің құлатылғаны туралы ақпаратты жергілікті блогер Юрий Каталевич хабарлады. Ол 13 қазанда түсірілген кадрларды көпшілікке жария етті. Суреттерден ескерткіштің кеуде тұсынан екіге бөлінгенін көруге болады. Ленин мүсінінің басы мен денесінің жоғарғы бөлігі жерде жатса, қалған бөлігі оның артында қалған.

Аталған нысанның тарихы тереңде жатыр. Мүсін ең алғаш 1964 жылы Құсмұрын кентінде теміржолшылардың жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілгеннен кейін бой көтерген болатын.

Алайда соңғы жылдары бұл ескерткіш төңірегінде үлкен қоғамдық даулар туындады. Мәселен, 2022 жылы жергілікті белсенділер Ленин мүсінін елді мекеннің орталығынан алып тастауды және оның атымен аталатын көшені өзгертуді белсенді түрде талап етті.

Ескерткішті бұзуды жақтаушылар 400-ге жуық тұрғынның қолын жинап, өз позицияларын білдірген. Олар Кеңес өкіметінің ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін сияқты нәубеттерге тікелей қатысы бар екенін және Лениннің Құсмұрын кентінің тарихына ешқандай қатысы жоқтығын алға тартқан. Десе де, бұл бастамаға қарсы шығып, мүсінді кент тарихының ажырамас бөлігі деп санағандар да болды.

Бұдан өзге, ескерткішті жоюға бағытталған төтенше жағдайлар бұған дейін де орын алған. 2015 жылдың сәуірінде мүсіннің жанынан жанып жатқан автокөлік дөңгелегі мен 40 литрлік пропан газ баллоны табылған еді. Ол кезде Қостанай облыстық ТЖД өрт фактісін растағанымен, бұл оқиғаның ескерткішті жаруға жасалған әрекет екені ресми түрде нақтыланбаған болатын.

Осылайша, қызу талқылаулар мен даулардан төрт жыл өткен соң, кеңестік кезеңнің нышаны саналатын ескерткіш ақыры орнынан толықтай алынды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар