Ақтөбе облысында теміржол бойында бензин құю кезінде оқыс жағдай болып, екі жұмысшы ауыр жарақат алды. Қазіргі таңда зардап шеккендер Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Төтенше жағдай «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты Шалқар ауданындағы орман алқабында орын алды. Оқиғаға байланысты "ҚТЖ" "ҰК" АҚ магистральдық желі дирекциясының баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, күнделікті нұсқаулықтан өткен қызметкерлер 200 литрлік бөшкеден бензин қалдығын төгу туралы тапсырма алған. АИ-92 маркалы бензинді құю барысында от кенеттен тұтанып, салдарынан екі қызметкерді түрлі дәрежедегі термиялық ауыр күйік шалған. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатқан жұмысшылардың жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
Алайда зардап шеккендердің туыстары бұл оқиғаға қатысты басқа да деректерді алға тартып отыр. Олардың айтуынша, мекеме өкілдері оқыс оқиға туралы бірнеше сағат өткеннен кейін ғана хабарлаған. Сонымен қатар зардап шеккендердің бірі Жұбандық Дүйсенбаевтың негізгі міндеті жүргізуші болуы тиіс екенін, оның жанармай төгу жұмыстарын атқаруға міндетті болмағанын айтып ашынуда.
Зардап шеккен азаматтың қызы Алмагүл Қасымова әкесінің хәлі туралы айтып берді:
«Әкем қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Күйген, қасы, кірпігі жоқ. Көзі де күйген деп дәрігер айтып жатыр. Оттегімен және ауырсынуды басатын дәрінің көмегімен жатыр. Ол әлі сезбейді. Әкем күйген жоқ, тірідей пісті, шыбын жаны шырқырап», — дейді ол.
Қазіргі таңда бензиннің неліктен кенеттен тұтанғаны, барлық қауіпсіздік талаптарының толық сақталғаны не сақталмағаны және бұл жұмысқа нақты кім жауапты екендігі жан-жақты тексерілуде. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеу жұмыстары басталып кетті.