Семей қаласында мәйіті қоқыс контейнерінен табылған шарананың өліміне қатысты бұрынғы полиция қызметкерлеріне сот үкімі кесілді, деп хабарлайды Alash.kz.
21 жастағы анасы жүктілік мерзімін елден жасырып, қызын өз үйінде босанған. Кейіннен ол өз ақталуында сәбидің өлі туылғанын алға тартқан болатын.
Алайда жүргізілген тергеу амалдары нәрестенің іс жүзінде өлі тумай, суықтан тоңып қайтыс болғанын анықтады. Сондай-ақ шарана өліміне оның 26 жастағы әкесінің де тікелей қатысы бар екені әшкереленді. Дәлірек айтқанда, нәрестені қоқыс жәшігіне апарып тастаған осы азамат болып шықты.
Ең сорақысы — нәрестенің ата-анасы да ішкі істер органдарында жауапты қызмет атқарған. Сот шешімімен екеуі де арнайы шендері мен атақтарынан толықтай айырылды.
Осы іс бойынша сот 21 жастағы анаға екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанымен, ол рақымшылық заңына ілікті. Ал баланың 26 жастағы әкесіне қатысты ең ауыр жаза кесілді.
Сот залында судья Нияз Хасенбаев: «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», — деп өкімді жария етті.