Астана – Петропавл тасжолында, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында үш адам мерт болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жантүршігерлік апат Кременчуг ауылының маңында тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, тасжолда қос «КамАЗ» жүк көлігі мен үш жеңіл автокөлік бірінен кейін бірі тізбектеле соқтығысып, жалпы бес машина апатқа ұшыраған. Соққының аса қатты болғаны соншалық, Audi маркалы жеңіл автокөлігі екі ірі жүк көлігінің ортасында қысылып, толықтай жаншылып қалды.
Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан Audi автокөлігінде болған үш жолаушы алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Марқұмдардың Жамбыл ауданындағы мектепке дейінгі білім беру мекемесінің (балабақшаның) директоры мен екі тәрбиешісі екені белгілі болды. Өңірлік Білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, олар бұл сапарға қызметтік емес, жеке шаруаларымен шыққан.
Сонымен қатар апат кезінде 20 жастағы жүргізуші мен 57 жастағы өзге жолаушы түрлі ауыр жарақаттар алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда білікті дәрігерлер олардың өмірін аман алып қалу үшін күрделі ота жасауда. Ал апатқа ұшыраған өзге автокөліктердің жүргізушілері аман-есен.