Түркістан облысының Кентау қаласында түнгі уақытта қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасынан жарылыс болып, соның салдарынан ірі өрт шықты, деп жазады Alash.KZ.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыс көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан тамақтану нысанында болған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері қысқа уақыт ішінде жалынды ауыздықтады.
Қайғылы жағдай салдарынан бір адам көз жұмды. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуінің жағдайы ауыр, қазір жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Оқиға орнына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров барып, жауапты қызметтердің қатысуымен жедел кеңес өткізді. Аймақ басшысы жағдайды жеке бақылауына алып, арнайы жедел штаб құрылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жарылыстың нақты себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.