Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жалақының кешіктірілуіне қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесін көтерді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Мәжілус депутаты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдеріне сауал жолдап, жұмыс берушілер тарапынан еңбекақыны уақытында төлемеу фактілеріне назар аударды.
“Заңды түрде жұмыс істеп жатқан азаматтарымыз уақытында жалақысын ала алмайды. Жұмыс берушілер уақытында төлемейді. Соның салдарынан азаматтар несиесін уақытында жаба алмайды. Одан бөлек супермаркеттерде біздің азаматтарымыздың кредитке тамақ алуға мәжбүр екенін көреміз.
Осы мәселені шешу үшін тиісті заң жобасында жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды арттырайық дедік. Өйткені қазір жұмыс беруші уақытында жұмысшыға жалақы төлемесе, оған әкімшілік жаза қолданады. Азғантай ғана мөлшерде өтемақы төлеуге міндет қойылады. Ал біз осы өтемақы мөлшерін Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25% бес есеге дейін көтеруді талап еттік. Бірақ Үкімет мұны қолдамады. Осы қолдамаудың себебін білгім келеді және алдағы уақытта жұмыс берушілер жұмысшыға уақытында жалақыны төлемесе, министрлік қандай шара қолданады?”,- деді өз салауында Нартай Аралбайұлы.