Атырауда жоғалып кеткен отбасының туыстары жұртшылыққа үндеу тастап, шындыққа жанаспайтын ақпараттарға сенбеуді сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев әлеуметтік желіде арнайы видео мәлімдеме жасады. Ол Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылында орын алған қасіретке бейжай қарамай, қолдау білдірген барша қазақстандықтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ол желідегі түрлі қауесеттер мен күмәнді болжамдардың көбейіп кеткеніне тоқталып, халықты тек ресми деректерге сүйенуге шақырды.
Мұқанғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда отбасы үшін өте ауыр кезең туып отыр, сондықтан негізсіз ақпарат тарату жағдайды одан әрі қиындата түспек.
"Ассалаумағалейкүм, Қазақ елі! Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангельдин ауылында болып жатқан жағдайды естіген шығарсыздар. Қайғыға ортақтасып, көңіл білдіріп жатқан жандарға Алла разы болсын! Мен марқұм Мақсот Қарабалин деген кісінің інісі боламын. Өкінішке қарай, бір келеңсіз жағдайларды естіп жатырмыз. Әлеуметтік желіде "көмек қолын созамын десеңіздер, осындай нөмірге ақша жіберсеңіздер болады" деген секілді ақпараттар тарап жатыр екен. Ол ақпараттың өтірік екенін айту мақсатында сіздерге осындай видео үндеу жолдап жатырмын. Мұндай ақпараттарға сенбеулеріңізді сұраймыз", – деді Шалқар Мұқанғалиев.