Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаз қолын ауыр жарақаттап алды. Оқиға Гвардейский кентіндегі №30212 әскери бөлімінде таңғы тексеріс кезінде болған, деп хабарлайды Alash.kz.
Отардағы әскери бөлімде мерзімді қызметтегі сарбаздың сол жақ қолының саусақтары зақымдалды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Зардап шеккен әскер дереу госпитальға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек алды. Дәрігерлердің айтуынша, оның денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ, жағдайы тұрақты. Сарбаздың өзі болған жайтты әскери қызметпен байланыстырмай, жеке себептермен түсіндіріп отыр.
Қазіргі таңда ІІМ-нің әскери тергеу органдары істің егжей-тегжейін анықтауға кірісті. Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады:
“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Гвардейский бөлімі оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жүргізіп жатыр”.
Оқиғаның нақты қалай болғанын анықтау үшін Құрлық әскерлерінен құралған арнайы комиссия әскери бөлімде жұмыс істеп жатыр.