Мемлекет басшысының шешімімен аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына еліміздің ең жоғары марапаты беріліп, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені оның ұрпақтарына салтанатты түрде тапсырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматы қаласында батырдың келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлымен кездесіп, Президенттің Жарлығын орындады.
Ерлан Қарин өз сөзінде бұл оқиғаның маңыздылығына тоқталып, халықтың батырға деген ықыласының ерекше екенін атап өтті:
2025 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешімін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Осылайша, көптен күткен тарихи әділдік қалпына келтірілді.
Халқымыз Бауыржан Момышұлын әрдайым батыр деп біледі, қаһарман деп қастерлейді. Президенттің бұл жолғы шешімі халықтың оған деген ыстық ықыласын одан әрі арттыра түсті.
Намыс найзағайы, қайсар рух пен өр мінездің символына айналған Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлына Президенттің атынан «Халық қаһарманы» наградасын – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырдым.
«Мен тұтас қазақпын. Мені бөлшектеу мүмкін емес! Мен бір қазақ емеспін, бар қазақпын!» — деп ғұмыр кешкен батыр бабамыздың өмірі – бәрімізге өнеге. Бауыржандай жігерлі, бөлінбейтін біртұтас болайық! Бір болайық! Биік болайық! Берен болайық!