Астанадағы Ұлттық музей қоры Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай мен оның жары Мария Шоқайдың отбасылық фотоальбомымен толықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Құнды жәдігердің түпнұсқасын музейге қайраткердің туысы Гүлбаршын Заирова салтанатты түрде табыс етті.



Бұл жәдігердің тарихы тереңде жатыр. Көп жылдар бойы альбом Мұстафа Шоқайдың көмегімен тұтқыннан аман қалып, Мария анамыздың рухани перзентіне айналған белгілі скрипкашы Әлім Алматтың (Ғалымжан Әбсәлямов) қолында сақталған. Кейіннен ол бұл мұраны мұстафатанушы Бақыт Садықоваға аманаттаған, ал зерттеуші өз кезегінде жәдігерді 2022 жылы Гүлбаршын Заироваға тапсырған болатын.
Гүлбаршын Заирова бұл қадамның маңызы туралы былай деді: «Бұл жәдігер соғыс жылдары тұтқында болып, Мұстафа Шоқайдың арқасында аман қалған, Мариям анамызды соғыстан соң паналап, рухани перзентіне айналған тұңғыш скрипкашы Әлім Алматтың қолында көп жылдар сақталған. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Әлім Алмат елге келіп, Мұстафаның жазу машинкасын, «Яш Түркістан» газеті тұсында қолданған үш түрлі мөрін, үйлену портреті мен альбомды мұстафатанушы Бақыт Садықова апамызға аманаттаған. 2022 жылы осы альбом маған сеніп тапсырылды. Ал 2025 жылдың 25 желтоқсанында, Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығында, Астана қаласындағы Ұлттық музейде өз орнын тапты. Тарихқа құрмет – болашаққа аманат».




Мұстафа Шоқай - ХХ ғасырдың басында Түркістан автономиясын құруға атсалысқан, бүкіл түркі әлеміне ортақ саяси тұлға. Ол өмірінің соңына дейін эмиграцияда жүріп, Түркістан халықтарының азаттығы жолында күресіп, «Яш Түркістан» журналы арқылы отаршылдық саясатқа қарсы тұрды.

