2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне еніп, тауарлар мен қызметтердің басым бөлігі қымбаттайды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Алдағы баға өзгерісіне қатысты негізгі болжамдарды жинақтап ұсынамыз.
Баспана мен ипотекадағы өзгерістер
Жылжымайтын мүлік нарығында қазірдің өзінде ажиотаж байқалады. Құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жаңа баспана бағасы 15,5%-ға дейін өсуі мүмкін. Алайда, кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл уақытша құбылыс болуы ықтимал: ақпан айынан бастап баға төмендеп, маусымға қарай пәтерлер 15-20%-ға арзандауы мүмкін. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап ипотекалық несие беру шарттары өзгереді . Мөлшерлемелер бастапқы жарна көлеміне қарай «құбылмалы» болып бекітіледі.
Көлік және такси қызметі
Жаңа жылдың бірінші тоқсанынан кейін жанармай бағасының өсуі күтіледі. Бұл такси қызметінің құнын 8–12%-ға қымбаттатуы мүмкін. Сонымен қатар, импорттық автокөліктердің бағасы қосымша құн салығының (ҚҚС) өсуіне байланысты шамамен 4%-ға артады.
Дәрі-дәрмек пен салық реформасы
Жаңа Салық кодексіне сәйкес ҚҚС-тың өсуі барлық тұтыну тауарларына әсер етеді. Салық кеңесшісі Екатерина Ким бағаның жалпы өсімі 10–15% деңгейінде болатынын болжайды. Бұл реформа фармацевтика саласын да айналып өтпейді. Салықтық жеңілдіктердің алынып тасталуына байланысты дәрі-дәрмектер 7–9,5%-ға қымбаттауы ықтимал.
Отбасылық бюджетке әсері
Экономистердің есебінше, жеке инфляция деңгейі ресми көрсеткіштерден жоғары болуы мүмкін. Халықтың әл-ауқатын сақтау үшін отбасылық табыс баға өсімін өтейтіндей, яғни кемінде 17–20%-ға артуы тиіс.