Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жангелдин ауылындағы қанды оқиға: күйеу баласы күдікті болып шықты

09:37, 08 қаңтар 2026

Атырау облысының Жангелдин ауылында ерлі-зайыптының қаза табуы мен отбасының тағы екі мүшесінің із-түзсіз жоғалуына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары марқұмдардың денесі табылғаннан кейін басты күдікті ретінде олардың күйеу баласын атады, деп жазады Alash.KZ.

Тергеу деректеріне сәйкес, қаза тапқан ерлі-зайыптының денесі үй қорасынан табылған. Алдын ала болжам бойынша, шамамен бір жарым метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер соған көмілген. Үстіне топырақ төгіліп, линолеум жабылып, диван қойылған. Бөлме сыртынан құлыпталған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мәйіттер қанға боялған күйде табылған, маңынан түрлі заттар салынған қаптар анықталған. Бұл жайт олардың зорлықпен өлтірілгенін көрсетеді. Қылмыс қаруы ретінде пышақ қолданылуы мүмкін деген болжам бар.

— Ерлі-зайыптының мәйіті табылғанын бүкіл ауыл біледі. Қазір нақты қалай өлтірілгені белгісіз, тергеу жүріп жатыр. Біз бәріміз бірігіп іздедік. Олар тыныш, ешкіммен жанжалдаспайтын отбасы еді, — деді ауыл әкімі Қанат Ғайса.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалып, өлімнің нақты себебі, уақыты және қолданылған қару түрі анықталуда.

Бұл іс бойынша басты күдікті — 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев. Тергеу барысында оның анасынан да жауап алынғанымен, ол баласы мен келінінің нақты қайда екенін айтпаған. Сонымен қатар марқұмдардың үлкен қызы, күдіктінің жұбайы Ақбаян да әлі табылған жоқ.

Отбасын жақсы білетін құқық қорғау саласының қызметкері олардың тұйық, діндар өмір салтын ұстанғанын айтады.

— Бұл отбасы сыртқы ортамен араласуды мүлде шектеген. Ақбаянды туыстарының өзі көрмеген. Бес баланың анасы қоғамнан толық оқшауланған. Мұндай жағдайдың алдын алу шаралары дер кезінде жасалмаған, — дейді дереккөз.

Күдіктінің анасы баласы хабарласады деп күтіп отырғанын айтқанымен, телефон қоңырауларына жауап бермей отыр. Ал әлеуметтік желілер мен дереккөздерге сүйенсек, Сұлтанның шетелде, нақтырақ айтқанда Индонезияның Бали аралында болуы мүмкін. Сондай-ақ жоғалған әйелдердің бірінің банк картасын пайдаланғаны туралы мәлімет тарады.

Марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әсила Мұханғалиева Сұлтанның жұбайының қайда екенін ұзақ уақыт бойы жасырып келгенін алға тартты.

— Ол Ақбаянды бізге ешқашан көрсеткен жоқ. «Жағдайы жақсы» деп құтылатын. Қараша айында олардың жоғалғаны белгілі болды. Ал анасы полицияға хабар бермей, балаларды өзінде қалдырған. Бұл істегі күмәнді жайттар өте көп, — дейді ол.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер күдіктінің Индонезия аумағында болуы мүмкін екенін растап отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол елден кетуге әрекет жасаған болуы ықтимал.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің денесі Атыраудағы Геолог ықшамауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тарағанымен, бұл дерек расталмады. Полиция аталған аумақта тексеріс жүргізіп, бірқатар заттарды тәркілеген.

Ал жоғалған Наурыздың телефоны Өзбекстан аумағында тіркелген. Кейінгі қозғалыс бағыты Малайзия арқылы Индонезияға жалғасуы мүмкін деген болжам бар.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Ресми органдар әзірге іс бойынша толық ақпарат бермей отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар