Атырауда із-түзсіз жоғалып отбасының мүшелері Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты жаңа қосымша мәліметтер белгілі болды, деп жазады Alash.KZ.
Бұл туралы аталған істі зерттеу үшін өңірге барған журналист Жанат Молдашова Instagram парақшасында жариялаған видеосында айтты.
Қазіргі уақытта журналист Атырау облысы Махамбет ауылында жүр. Ол жоғалып кеткен ерлі-зайыптының артында қалған балаларының жағдайын білу мақсатында жергілікті мекемелермен және жауапты сала өкілдерімен тілдескен.
Өңірдегі білім саласына жауапты мамандардың мәліметінше, балалардың әлеуметтік және оқу жағдайы бақылауға алынған.
— Үлкен бала 3-сыныпта оқиды, одан кейінгісі 2-сыныпта білім алып жүр. Екеуі де сабақтарына барып жүр. Ал ең кенже баласы жуырда 1 жасқа толған, — деп хабарлады жауапты тұлғалар.
Мамандардың айтуынша, кәмелет жасына толмаған балалардың жағдайы қазір ерекше бақылауда. Олардың оқуын үзбеу, тұрмыстық және психологиялық қолдау көрсету мәселелері қарастырылып жатыр. Қажет болған жағдайда тиісті әлеуметтік қызметтер тартылуы мүмкін.
Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның жоғалып кетуіне қатысты тергеу амалдары әлі жалғасуда. Құқық қорғау органдары іс бойынша нақты мәліметтерді әзірге жарияламады.
Қоғам назарын аударған бұл оқиғаға байланысты ресми ақпараттар шыққан жағдайда, жаңалықтар қосымша хабарланатын болады.