Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

АҚШ Иранның жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеиге қарсы ең қатаң жазаға көше ме?

15:15, 08 қаңтар 2026

АҚШ-тың республикашыл сенаторы Линдси Грэм Иран билігі елдегі жаппай наразылық акцияларын күшпен басуды тоқтатпаса, Вашингтон тарапынан ең қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сенатордың сөзінше, бұл шаралар Иранның жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеиға да тікелей қатысты болуы ықтимал, деп жазады Alash.KZ.

Fox News телеарнасына берген сұхбатында Дональд Трампқа жақын саналатын Линдси Грэм Иранда болып жатқан әлеуметтік толқулар мен биліктің әрекеттеріне тоқталып, АҚШ Иран халқының талаптарын қолдайтынын айтты.

— Біз ирандықтардың өз елін халықаралық қауымдастыққа қауіп төндіріп отырған радикалды діни режимнен қайтарып алуына қолдау көрсетеміз, — деді сенатор.

Сонымен қатар, Грэм Иран басшылығына қатаң мәлімдеме жасап, азаматтарға қарсы күш қолдану жалғасқан жағдайда, жауапсыз қалмайтынын ескертті.

— Егер билік жақсы өмір талап еткен адамдарды өлтіруді жалғастыра берсе, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Иранда өзгеріс жақындап келеді. Бұл Таяу Шығыс тарихындағы шешуші кезеңдердің бірі болмақ. Иран халқына қолдау жолда, — деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ сенаторының бұл мәлімдемесі Вашингтон мен Тегеран арасындағы онсыз да күрделі қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіре түсуі мүмкін. Қазіргі таңда Иран билігі аталған сөздерге ресми жауап берген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар