Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Отарда сарбаз өз саусақтарын шауып тастаған

17:15, 08 қаңтар 2026

Жамбыл облысындағы Отар әскери бөлімде сарбаз өзіне ауыр жарақат салды, деп жазады Alash.KZ.

Жамбыл облысы Отар елді мекенінде орналасқан 30212 әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаз өз қолына әдейі жарақат салған. 

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға 2026 жылғы 6 қаңтарда Гвардейск гарнизоны аумағында болған. Таңғы тексеру кезінде қатардағы әскери қызметкер сол қолының саусақтарын металл затпен жарақаттаған. Зардап шеккен сарбаз дереу әскери госпитальға жеткізіліп, оған уақтылы медициналық көмек көрсетілген.

Дәрігерлердің айтуынша, жарақат ауыр болғанымен, сарбаздың саусақтарын аман алып қалуға мүмкіндік туған. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ, медициналық бақылауда.

Бұл жағдай туралы алғашқылардың бірі болып журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды. Оның дерегінше, сарбаз басшысынан ескерту алғаннан кейін өртке қарсы қалқаннан алынған балтамен өзіне зиян келтірген. Алайда Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі бұл нұсқаны нақтыламай, ресми мәліметтерге сүйенуге шақырды.

Құрлық әскерлері таратқан ақпаратқа сәйкес, сарбаздың әрекеті жеке себептермен байланысты болған және әскери қызметті өтеу жағдайымен немесе командирлердің іс-әрекеттерімен тікелей қатысы жоқ.

— Әскери қызметкердің айтуынша, бұл әрекет жеке жағдайларға байланысты жасалған. Оқиға әскери бөлім басшылығының әрекеттерімен байланысты емес, — делінген ресми хабарламада.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Гвардейск бөлімшесі тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиға орнына тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары бастаған арнайы комиссия жіберілген. Іс Құрлық әскерлері қолбасшылығының бақылауында.

Әскери ведомство ресми тергеу аяқталғанға дейін тексерілмеген әрі жалған ақпарат таратпауды сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысынан әскерге шақырылған тағы бір мерзімді әскери қызметкер — Данияр Амалбековтің қаза тапқаны хабарланған еді. Ұлттық ұланның мәліметінше, ол 2026 жылғы 6 қаңтарда жүрек қызметінің кенеттен тоқтауынан көз жұмған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар