АҚШ Ресейге қарсы жаңа қатаң санкциялар пакетін қабылдады. Америка билігі мақұлдаған заң жобасына сәйкес, Ресейден мұнай, мұнай өнімдері немесе уран сатып алуды жалғастырып отырған елдерден келетін барлық тауарға 500 пайыздық кедендік баж салығы енгізіледі, деп жазады Alash.KZ.
Бұл шешімге АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойып, санкциялық режимді айтарлықтай күшейтті. Ақ үйдің түсіндіруінше, аталған шара Ресейдің энергетикалық секторынан түсетін табысты шектеуге және оны халықаралық нарықта оқшаулауға бағытталған.
Бұл шешімді қолдаған республикашыл сенатор Линдси Грэм санкциялардың негізгі мақсаты – Ресейді экономикалық тұрғыдан тұншықтыру және оны қолдап отырған мемлекеттерге қысым көрсету екенін айтты.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында сенатор былай деді:
«Ресей соғысты тоқтатпайынша және агрессиясын жалғастыра берсе, біз тек Мәскеуге ғана емес, оны қаржыландырып отырған кез келген елге қарсы ең ауыр экономикалық соққы беруге мәжбүр боламыз. 500 пайыздық баж салығы – бұл ескерту емес, бұл нақты әрекет», – деді Линдси Грэм.
Жаңа заңға сәйкес, санкциялар тек Ресейдің өзіне ғана емес, сонымен қатар онымен энергетикалық және ядролық салада ынтымақтастықты тоқтатпаған үшінші елдерге де әсер етеді. Вашингтон мұны «екіншілік санкциялар» деп атап, одақтастар мен серіктестерді Ресеймен экономикалық байланыстарын қайта қарауға шақырып отыр.
АҚШ билігінің мәлімдеуінше, 500 пайыздық баж салығы іс жүзінде шектеу емес, саудаға толық тосқауыл қоюға тең. Сарапшылар бұл шара әлемдік нарықта мұнай, уран және бірқатар өнеркәсіп тауарларының бағасына ықпал етуі мүмкін екенін айтып отыр.
Ресей тарапы бұл шешімді заңсыз әрі халықаралық сауда қағидаттарына қайшы деп бағалауы ықтимал. Ал санкция тізіміне ілігуі мүмкін елдер үшін жаңа талаптар сыртқы сауда саясатын қайта қарауға мәжбүр ететін факторға айналуы мүмкін.
Аналитиктердің пікірінше, бұл санкциялар АҚШ-тың Ресейге қысымды бұрынғыдан да күшейтуге дайын екенін және экономикалық тетіктерді геосаяси құрал ретінде пайдалануды жалғастыратынын көрсетеді.