Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот процесінде марқұмның анасы Салтанат Қадірбекқызы айыпталушы Айбар Жанболатқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп жазады Alash.KZ.
Оның айтуынша, бұл істі «абайсызда адам өліміне әкелу» ретінде қарастырумен келіспейді. Марқұмның анасы соттан кек немесе қатігездік емес, әділ әрі ашық шешім күтетінін жеткізді.
— Мен ешкімнен кек алуды сұрап тұрған жоқпын. Тек шындықтың айтылып, әділдік орнауын қалаймын. Айбар нақты жазасын алуы керек. Қызымды қолына табыстап бергенде, оны қорғайды деп сендім. Бірақ ол қызымды азаптап, қинап өлтірді. Егер бір жері ғана жарақаттанса, абайсызда болды деп ойлар едік. Ал бұл жағдаймен мүлде келісе алмаймын, — деді Салтанат Қадірбекқызы сотта.
Ол сондай-ақ екі жасар немересінің шырылдаған сәтін көргенін айтып, бұл оқиғаның салдары бүкіл отбасы үшін ауыр қасіретке айналғанын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Айбар Жанболатқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Аталған бап бойынша бұл ең жоғары мерзімді жаза болып саналады.
Сот процесі жалғасуда. Үкім алдағы уақытта белгілі болады.