Қазақстандық вингер Ислам Чесноков шотландиялық «Харт оф Мидлотиан» клубының сапына ресми түрде қосылды. Эдинбургтік ұжым өскемендік футболшымен 2028 жылдың жазына дейін жарамды келісімшартқа қол қойғанын жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұлттық құрама ойыншысы Ислам Чесноков еркін агент ретінде Шотландия чемпионатының көшбасшысы «Хартс» клубына ауысты. Қостанайлық «Тобылмен» келісімшарты аяқталған соң Еуропаға аттанған футболшы жаңа командасында 99-нөмірмен өнер көрсететін болады.
Чесноков бұған дейін «Тобыл» сапында Қазақстанның екі дүркін Кубок иегері және Суперкубок жеңімпазы атанып, команданың негізгі қозғаушы күшіне айналған еді. Шотландиялық клубтың бас жаттықтырушысы Дерек Макиннес бұл трансферді ұзақ күткенін және қазақстандық ойыншының әлеуетіне сенетінін жеткізді:
«Исламның осында келгеніне өте қуаныштымын. Енді ол — «Хартс» футболшысы және ойынды бастауға құлшынып отыр. Біздің оны командаға тартқымыз келгені бұған дейін де айтылған болатын. Ол өте талантты ойыншы және жақсы жігіт. Біз оның командаға көмегі тиеді деп ойлаймыз».
Айта кетейік, «Хартс» қазіргі уақытта Шотландия чемпионатында «Рейнджерс» пен «Селтик» сияқты алпауыттарды басып озып, 44 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр. Трансферлік құны 1,2 миллион еуроға бағаланған 26 жастағы Чесноков бұған дейін «Алтай» және беларусьтік «Белшина» клубтарында доп тепкен.