Тараз қаласынан әскерге шақырылған сарбаз Шымкенттегі ауруханалардың бірінде жан тәсілім етті, деп жазады Alash.kz.
Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген Данияр Амалбековтың өліміне қатысты ресми орган мен туыстары екі түрлі ақпарат айтуда. Қазіргі таңда бұл жағдай Ішкі істер министрі орынбасарының жеке бақылауына алынды.
ҚР Ұлттық ұланының ресми мәліметінше, сарбаздың жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Дәрігерлердің жансақтау шараларына қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Алдын ала қойылған диагноз - «жедел лейкоз» (қан обыры).
Алайда марқұмның жақындары Syrmedia.kz редакциясына мүлдем басқа деректерді алға тартты. Олардың айтуынша, Данияр ауруханаға 11 желтоқсанда түскен, бірақ бұл туралы отбасына тек 29 желтоқсанда ғана хабарланған. Сондай-ақ, туыстары диагноздардың жиі өзгергенін айтып, шағымдануда:
«Біздің дені сау баламыз әскерге кетіп, бір айдан соң табытпен оралды. Ауруханада алдымен «пневмония» деді, кейін одан айықты деп сендірді. Соңында асқазанында кінәрат бар дегенді айтты».
Қазіргі уақытта сарбаздың өліміне не себеп болғанын анықтау үшін тиісті тексерулер жүріп жатыр.