23 шілде күні елордада небәрі 10–15 минутқа созылған нөсер жаңбыр қала тіршілігін едәуір қиындатты, деп хабарлайды Alash.KZ
Қысқа уақыт ішінде жауған қатты жауын-шашын салдарынан көшелерді су басып, кейбір жолдар шағын көлге айналды. Тұрғындар әлеуметтік желілерде суға толған көшелер мен жүріп өтуге қиын жолдардың бейнежазбаларын жаппай бөлісіп, жағдайдың күрделілігін көрсетті.
Мамандардың айтуынша, мұндай құбылыс көбіне нөсер кезінде қаланың кәріз және су бұру жүйелерінің шамадан тыс жүктелуінен болады. Яғни қысқа уақытта көп мөлшерде жауған жауын суы арнайы жүйелер арқылы толықтай ағып үлгермей, көшелерге жиналып қалады. Сонымен қатар, кей жерлерде су ағатын арықтардың бітелуі немесе инфрақұрылымның толық жетілмеуі де мәселені ушықтыра түседі.
Бұл жолы жаңбырға жаңа салынған нысандар да төтеп бере алмады. Әлеуметтік желілерде LRT желісіндегі Сығанақ бекетінің шатырынан су сорғалап ағып тұрғаны түсірілген видео кең тарады. Бұл жағдай қала тұрғындарының инфрақұрылым сапасына қатысты сұрақтарын көбейтті.
Жалпы, елордада нөсер жауыннан кейін көшелерді су басу соңғы жылдары жиі қайталанатын мәселеге айналып отыр. Мұндай кезде жаяу жүргіншілерге қозғалу қиынға соғып, қоғамдық көлік қозғалысы баяулайды. Сондай-ақ жолдарда ұзын-сонар кептелістер пайда болып, қаладағы көлік қатынасына айтарлықтай кедергі келтіреді.
Бұл мәселені шешу үшін жаңбыр суын бұру жүйесін жаңғырту, қосымша дренаж желілерін салу және қолданыстағы инфрақұрылымды тұрақты түрде тазалап, бақылауда ұстау қажет екені анық. Сонымен қатар, қала құрылысы кезінде климаттық ерекшеліктер мен жауын-шашын көлемін ескеру маңызды.