ҚР Халық әртісі, Қазақстан Халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына үміткер Тамара Асар қоғамдағы «Өнер адамынан депутат шықпайды» деген тәмсілге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
«Азамат LIVE» подкастына қонаққа келген әнші өз сөзінде өнер адамдарының қоғамдық-саяси өмірдегі орнына тоқталып өтті.
«Әнші деген – өнер адамы. Өнер деген – мәдениет. Мәдениет деген – ұлттың жүрегі. Ал жүрек дегеніңіз – эмоция. Сондықтан, кеңінен алатын болсақ, әнші емес, өнер, мәдениет деп қарайтын болсақ, алғаш рет Семей полигонын жапқан Олжас Сүлейменов ағамыз. Ақын. Ол да – өнердің адамы. Алғаш рет Арал тағдырын мінберге шығып, депутат болып айтқан Роза Бағланова апамыз. Ол – әнші. Эстрадамен де, оркестрмен де ән айтатын әнші. Ол – қоғам қайраткері. Сондықтан, қаншама азамат отыр «Ереуіл атқа ер салмай» деп... Солар емес, әйел заты, өзі әйел, өзі нәзік, өзі әнші Роза апамыз айтып тұр. Сондықтан, мен айтар едім… Заңгердің де заңгері бар. Сауаттысы бар, сауатсызы бар. Дипломды жай алғаны бар. Оқып алғаны бар. Сондықтан кез келген саланың, кез келген мамандық иесінің өзіне жауап беретін құқығы бар. Білімдісі де бар. Білімсізі де бар. Жалпылама топырақ шашуға мен қарсымын. Егер, ол сауатты әнші болса, ол қоғамдық жұмысқа бұрыннан араласатын болса, ол өзінің салт-дәстүрін білетін болса, қандай ұлттың ұлы немесе қызы екенін жақсы білетін болса, ол халықтың жоғын жоқтап, күйін күйттейді. Сондықтан оны әнші екен, ақын екен, жазушы екен, спортшы екен деп бөлуге болмайды», – деді Тамара Асар.