Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гариб-Абади АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялау туралы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz порталы Tasnim агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Трамп Иранмен соғыста жеңіске жеткеннен кейін Ормуз бұғазын Америка Құрама Штаттарының аумағы деп жариялайтынын айтқан болатын.
Иран тарапы бұл мәлімдемені үзілді-кесілді қабылдамайтынын жеткізді. Гариб-Абадидің айтуынша, Ормуз бұғазын әлеуметтік желідегі жазба, әскери күш немесе президент жарлығы арқылы басып алу мүмкін емес.
«Ормуз бұғазын твитпен де, авианосецпен де, жарлықпен де, сайлауалды сөзбен де басып ала алмайсыздар. Иран қауіп-қатерден қорықпайды және күш көрсету арқылы жасалған қысымға көнбейді», – деді Иран СІМ басшысының орынбасары.
Ол Трампқа Иранның ұстанымын мойындауға шақырып, Ормуз бұғазының Иран үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
Гариб-Абадидің мәлімдеуінше, бұғазды жабу немесе қайта ашу туралы шешімді Иран өзі қабылдайды.
«Сіздер жеңілістің шындығын мойындап, құрғақ қиялдан бас тартқанға дейін Иран блокаданы жалғастырады», – деді ол.
Еске салайық, Дональд Трамп бұған дейін Иранды жеңгеннен кейін Ормуз бұғазын АҚШ территориясы деп жариялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.