Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мәсімов АҚШ-та жүр деген ақпарат рас па? ІІМ экс-шенеуніктің қайда жүргенін айтты

21:23, 14 тамыз 2026

Әлеуметтік желілерде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, екі мәрте премьер-министр болған Кәрім Мәсімовтің қазір АҚШ-та, нақтырақ айтқанда Техас штатындағы Хьюстон қаласында отбасымен бірге тұрып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп жазады Alash.KZ.

Алайда ІІМ оның шетелде жүргенін растамады.

Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау және басқа да ауыр қылмыстар бойынша 18 жылға қатаң режимдегі колонияға сотталған. Осыған байланысты редакция Ішкі істер министрлігіне оның қазіргі уақытта жазасын қай жерде өтеп жатқанын және шетелге шыққаны туралы мәлімет сұрап, ресми сауал жолдаған.

Сонда Мәсімов қайда?

Тамыз айының басында қазақстандық суретші Қанат Ибрагимов АҚШ-тағы қазақ диаспорасы өкілдерінен алған мәліметке сүйеніп, Кәрім Мәсімовтің отбасымен бірге Хьюстонда тұрып жатқаны туралы мәлімдеген.

Мәсімовтің АҚШ-пен байланысы бұған дейін де айтылған. Сонымен қатар, журналистік зерттеулерде оның туыстарына тиесілі немесе олармен байланысты АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік нысандары туралы ақпараттар жарияланған.

Дегенмен Мәсімовтің өзі АҚШ-та тұрып жатқаны туралы бұл мәліметтерді растайтын нақты дәлел ұсынылған жоқ.

Сонда ІІМ не дейді?

Редакция ІІМ-нен Мәсімовтің АҚШ-қа тергеу немесе басқа мақсатпен шығарылған-шықпағанын, сондай-ақ оның қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқанын растайтын ақпарат беруді сұраған.

Ведомство сотталғандардың тиісті мекемелерде жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рысбаевтың айтуынша, түзеу мекемелерінде тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Сонымен қатар колонияларға прокуратура органдары мен уәкілетті қоғамдық ұйымдардың өкілдері тұрақты түрде барып, жағдайды бақылайды.

Алайда министрлік нақты сотталған адамның колонияда отырғанын дәлелдейтін бейнематериал немесе басқа да жеке ақпарат ұсынбады.

Бұған себеп ретінде «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 15-бабы мен Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабы көрсетілді. Бұл нормалар сотталғандардың жеке ісіне қатысты мәліметтерді жариялауға шектеу қояды.

Қылмыстық-атқару кодексіндегі тиісті нормаға сәйкес, сотталғандардың жеке істеріндегі мәліметтер құпия саналады. Мұндай ақпаратқа тек қызметтік міндетіне байланысты қол жеткізуге құқығы бар адамдар ғана ие.

Сондықтан ҚАЖК сотталған адамның нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқанын көпшілікке жариялай алмайды.

Бұл мәселе қоғамда бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Әлеуметтік желілерде кейбір танымал сотталғандардың колонияда емес, басқа жерде жүргені туралы түрлі қауесеттер тараған.

Мысалы, Қуандық Бишімбаевқа қатысты да осындай ақпарат болған. Оның нақты қай жерде жазасын өтеп жатқаны туралы мәліметті кейін атышулы іс бойынша жәбірленушілердің адвокаты Жанна Оразбақова хабарлаған.

Ал Мәсімовтің ісі жабық режимде қаралғандықтан, оның қазіргі орналасқан жері туралы ақпаратты туыстары немесе тиісті мемлекеттік органдар ғана нақтылай алады.

Мәсімовтің Хьюстонда жүргені туралы ақпаратты таратқан Қанат Ибрагимовтің өзі де бұл мәліметті үшінші тараптан алғанын айтқан. Сондықтан оның АҚШ-та тұрып жатқаны әзірге ресми түрде расталған жоқ.

ІІМ болса, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі тәртіп пен қауіпсіздік тәулік бойы бақылауда екенін мәлімдеді.

Осылайша, қазіргі таңда Мәсімовтің АҚШ-та жүргенін растайтын сенімді дерек жоқ. Ресми ақпарат бойынша ол қылмыстық жазасын өтеуге тиіс. Ал оның нақты қай мекемеде отырғаны заңнамаға байланысты жарияланбайды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар