Осыдан 8 ай бұрын қызметтік кезеңде басына кондиционер құлап, қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның анасы экс-күйеу баласына қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz.
Марқұмның анасы Әділет Зейнелдің екінші мәрте отау құрып жатқанын өзгелер сияқты желіден байқаған.
Қызым жіберді. «Мама, Әділет үйленіп жатыр екен ғой. Көрдіңіз бе?» деді. Ол интернетке жарияланып кеткен бе? Қалай келгенін білмеймін. Қызыма біреулерден келіп тұр ғой. Сағат 9-10-дарда инстаграмнан көрдім де, таң атқанша ұйықтай алмадым. Әр түрлі ойлар келді. «Машинадағы заттарын гаражға тастай салдым» деген сияқты сөздері. Зейнетақы қорындағы жинағын алды ғой. Машинаның қағазын бізге берді. Нотариустан қағаздарын алып жатқанда, ақшаны үндемей алып шығып бара жатқандағысы көз алдыма елестеді. Ең соңғы жазған SMS-інде «Қалайсыз? Мама, бүгін тірліктің бәрін ертерек бітірейік. Мен жұмыстан сұранып шығып жатырмын» деді. Сонда «Ертерек бітірейік» деген сөзі жадымда қалып кетті. Бір аптадан кейін тойы болайын деп жатқаны ма? Сонда, «ертерек зейнетақы жинағын (Ұлдананың) алып, тойымды жасаймын» деген ойы болды ма? Мен де анамын ғой. Ең болмаса, сол кезде маған «Сіз не дейсіз?» неге бір ауыз айта салмады. Маған әртүрлі сұрақтар келді. Бірақ мен оның үйленгеніне қарсы емеспін.