Тоғыз жасар қыз бірнеше магнит жұтып қойғаннан кейін Атырауда шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер магниттердің ағзада қалуы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Alash.kz порталы Azattyq Rýhy порталыне сілтеп.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің жазуынша, бала Атыраудағы облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілді. Тексеру кезінде дәрігерлер қыздың асқазан-ішек жолынан бірнеше магнитті бөгде затты анықтады.
Ағзада бірнеше магниттің қатар болуы өте қауіпті. Олар ішек қабырғаларын зақымдап, тесілуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады.
Ота кезінде мамандар қыздың асқазан-ішек жолынан сегіз магнитті алып шықты. Дер кезінде жасалған операция баланың өміріне қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Отадан кейін қыз жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында, операциядан кейінгі қажетті ем қабылдап жатыр.
Дәрігерлер ата-аналарды ұсақ заттарды, әсіресе магниттерді балалардың қолы жететін жерде қалдырмауға шақырды. Бірнеше магнитті жұтып қою баланың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.