Алматы орталығында жасалған кісі өліміне сыбайлас болғаны үшін 2008 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Ю. Юсупов 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы берген ақпаратқа сәйкес, азамат қылмыс орын алғаннан кейін 17 жыл өткенде Литва мемлекетінің шекарасында қолға түскен.
Қанды оқиға 2008 жылдың 19 мамырына қараған түні Фурманов көше бойындағы үйлердің бірінің маңында болған. Сот тергеуі барысында анықталғандай, Юсупов пен оның сыбайласы А. Коваленко криминалдық ортаның өкілімен араздықта болып, оны тұрғын үй маңында аңдып отырған.
Олар жәбірленушіге қарата бірнеше рет дәлдеп оқ атқан, оның ішінде бір оқ бастың желке бөлігіне тиген. Алынған ауыр жарақаттардан ер адам оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Ауыр қылмысты жасағаннан кейін Юсупов ел аумағынан тез арада шығып кеткен. Ол өзінің аты-жөні мен жеке деректерін өзгертіп, Еуропаның бірнеше елінде ұзақ жылдар бойы бой тасалап жүрген.
Бас прокуратураның дерегінше, қылмыс әлемінде «Кинг-Конг» деген лақап атымен танылған бұл азамат қырғызстандық криминал авторитетінің сенімді айналасында болған. Оған қоса Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдары оны 2007 жылы Бішкек қаласындағы автожуу орнының иесін өлтіру ісі бойынша да іздестірген.
2025 жылдың тамыз айында Юсупов Литва шекарасынан өту сәтінде құрықталды. Одан кейін қараша айында Қазақстан Бас прокуратурасының ресми сауалы негізінде ол елге экстрадицияланды.
2026 жылдың шілде айында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен кісі өлтіруге сыбайлас болғаны үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Ал оның сыбайласы А. Коваленко 2008 жылдың жазында Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс аймағында орын алған қарулы қақтығыстан соң ұсталған болатын. Сол оқиғада полиция қызметкері қаза тауып, төрт адам ауыр жараланған еді. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.