Әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің халықаралық саммиттерге кешігіп келуі — кездейсоқтық емес, өз ықпалы мен үстемдігін көрсетудің жасырын тәсілі. Испания премьер-министрі Педро Санчес испаниялық блогер Plex-ке берген сұхбатында ірі держава басшыларының осындай әдеттері туралы ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Премьер-министрдің пайымдауынша, ірі мемлекеттердің көшбасшылары арасында өзімшілдік пен менмендік бәсекесі жиі орын алады, ал әріптестерін әдейі күттіріп қою сол мәртебені айқындаудың бір жолына айналған. Осыған дәлел ретінде Санчес Осакада өткен G20 саммитін еске алды. Ол кезде барлық қатысушылар белгіленген уақытта жиналғанымен, Дональд Трамп пен Владимир Путин біраз уақытқа дейін көрінбеген.
«Екеуі өзара "қайсымыз ең соңғы болып келеміз" деп бәсекелескеніне бәс тігуге бармын. Яғни, "Бұл жердегі ең маңызды адам менмін" деген сыңай танытқан. Ал қалғандарының бәрі оларды бір немесе бір жарым сағат бойы күтіп отырды», — деді Педро Санчес.
Сонымен қатар Испания үкімет басшысы Францияның бұрынғы президенттерінің біріне қатысты қызықты деректі де бөлісті: ол саясаткер жиын өтетін жерге өзгелерден кейін кіру үшін жүргізушісінен ғимаратты тағы бірнеше айналым жасап жүруді сұрайды екен. Ал мұндай тәсілдерге жүгінбейтін көшбасшылардың қатарында Санчес Қытай басшысын ерекше атап өтіп, оның өзін әлдеқайда ұстамды әрі өзгелерге құрметпен ұстайтынын жеткізді.
Айта кетейік, жақында ғана Шэньчжэньде өткен ҚХР, АҚШ және Ресей басшыларының «тарихи кездесуінен» кейін Дональд Трамп журналистерге Владимир Путинді неліктен досым деп атағанын түсіндіріп берген болатын.