Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шындыққа сәйкес келмейді»: «Қазатомөнеркәсіп» басшылықтың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

«Шындыққа сәйкес келмейді»: «Қазатомөнеркәсіп» басшылықтың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (ҰАК) бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «компанияның тағы бір топ-менеджері қамауға алынды» деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Сенбіге қараған түні редакцияға жолдаған хабарламасында ұлттық компанияның баспасөз қызметі ұсталған қызметкердің жоғары басшылық құрамына кірмейтінін мәлімдеді:

«Бірқатар БАҚ-та таратылып жатқан “Қазатомөнеркәсіптің” тағы бір топ-менеджерінің қамауға алынғаны туралы ақпарат қызметкердің лауазымдық мәртебесі бөлігінде шындыққа сәйкес келмейді. Аталған қызметкер компания департаменттерінің бірінде бас менеджер лауазымын атқарады және оның жоғары басшылығының құрамына кірмейді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан жарияланған материалдардың тақырыптары мен мазмұнын түзетуді, сондай-ақ жалған ақпаратты одан әрі таратудан бас тартуды сұраймыз».

Айта кетейік, квазимемлекеттік сектордағы атышулы ұстаулар сериясы 12 қарашада журналист Михаил Козачковтың «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевке қатысты тергеу шаралары басталғанын хабарлауынан кейін өрбіген еді. Көп ұзамай саясаттанушы Ербол Еділов аталған екі компанияның бірқатар топ-менеджерлері құрықталғанын жазса, артынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталғанын ресми түрде растады, ал Козачков істе аталуы ықтимал болжамды қаржы сомасын жариялады. Бұдан соң «Самұрық-Қазына» қоры Жақыпов пен Отыншиев ісі бойынша ҰҚК-ге жәрдемдесіп жатқанын және өз тұрақтылығының сақталатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұл жайттан кейін Президенттің Қауіпсіздік кеңесін шақыратынын хабарлаған болатын. Кейін 13 қарашада ҚТЖ Отыншиевтің ұсталуынан соң қалыптасқан жағдайға түсініктеме беріп, Жақыповтың ісіне қатысты Air Astana да өз пікірін білдірді. Сол күні өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Жақыпов пен Отыншиевтің ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы ауқымды сыбайлас жемқорлықтың айқын белгісі деп бағалап, ҚТЖ жұмысын қатаң сынға алды, сондай-ақ кейінірек ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдап, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар