Қазақстандағы Украина елшілігі тұрғындарды сенбі күні өтетін Ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған «Еске алу шырағын жақ» акциясына үн қосуға шақырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Дипломатиялық өкілдік таратқан мәлімдемеде екі халықтың тағдырын тоғыстырған зобалаң жылдар еске алынып, бейжай қарамайтын әрбір адамға нақты бастама ұсынылды:
«Сағат 16:00-де украин және қазақ халықтарының ортақ қасіретіне айналған қолдан жасалған ашаршылықтың миллиондаған жазықсыз құрбандарын еске алу үшін үйлеріміздің терезе алдына шырақ жағайық. Еске алу сәулесі бізді біріктірсін».
Атап өту керек, қарашаның төртінші сенбісінде Украинада 1921–1923, 1932–1933 және 1946–1947 жылдардағы ашаршылық құрбандары еске алынады, ал дәстүрлі «Шырақ жақ» акциясы мен жалпыұлттық бір минут үнсіздік сағат 16:00-де басталады. Күштеп ұжымдастыру саясаты мен азық-түлікті тартып алудан туындаған 1930-жылдардағы жаппай аштық Қазақстанда (Ашаршылық) да, Украинада (Голодомор) да өлшеусіз қасірет әкелді. Түрлі деректер мен тарихи бағалаулар бойынша, сол кезеңде Қазақстанда шамамен 2,2 миллион адам (қазақ халқының 48%-дан астамы), ал өзге мәліметтерге сәйкес 4 миллионға жуық адам (ел халқының 70%-ға дейіні) опат болса, Украинада шамамен 3,5–3,9 миллион тұрғын көз жұмған.