Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Сәбиін аязды күні қоқысқа тастаған»: Семейлік экс-полицей ісіне қатысты жаңа дерек шықты

«Сәбиін аязды күні қоқысқа тастаған»: Семейлік экс-полицей ісіне қатысты жаңа дерек шықты

Семейде жаңа туған шақалағын қоқыс контейнеріне тастап, үсік шалып көз жұмуына себепкер болған бұрынғы полиция қызметкері өмір бойына бас бостандығынан айырылды, ал нәрестенің анасы рақымшылық заңына сәйкес жазадан босатылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Абай облысы прокуратурасының мәліметінше, бұл қылмыстық іс бойынша шығарылған сот үкімі заңды күшіне енді. Жантүршігерлік оқиға осы жылдың ақпан айында Семей қаласында тіркелген болатын: Ломоносов көшесінің бойындағы қоқыс жәшігінен сүлгіге оралған, кіндігі кесілмеген сәбидің мәйітін кездейсоқ өтіп бара жатқан тұрғын байқап қалған. Кейіннен тергеу барысында баланың әкесі мен шешесі сол кезде құқық қорғау органдарында қызмет еткені анықталды. Белгілі болғандай, 20 жастағы әйел үй жағдайында босанған соң нәрестені әкесіне ұстатқан, ал патрульдік полиция инспекторы болып жұмыс істеген ер адам шақалақты қоқыс жәшігіне апарып тастаған.

Тергеу кезінде сәбидің анасы баланың өлі туғанын алға тартқанымен, сот-медициналық сараптама қорытындысы бұл уәжді толықтай теріске шығарды. Сарапшылар сәбидің айы-күні жетіп, тірі туғанын және даладағы аяздан қайтыс болғанын дәлелдеді. Соған сәйкес, қазан айында өткен сот отырысында ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі («Жас баланы өлтіру») бойынша айыпты деп танылып, аталған бапта өзге балама жаза қарастырылмағандықтан, өмір бойына түрмеге жабылды.

Ал баланың анасына Қылмыстық кодекстің 100-бабы («Жаңа туған баланы анасының өлтіруі», ең жоғарғы жазасы — төрт жылға бас бостандығынан айыру) негізінде екі жыл мерзім тағайындалғанымен, рақымшылық актісі қолданылып, ол жазаны өтеуден босатылды. Сонымен қатар сот үкімімен бұрынғы ерлі-зайыптылардың екеуі де полициядағы арнаулы атақтарынан айырылды.

Жаңа дерекке сәйкес, сот үкімі күшіне енді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар