Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот шешімі Қылмыстық кодекстің бірден бес бабы бойынша шығарылды. Атап айтқанда, ол 190-бап (алаяқтық), 188-бап (ұрлық), 218-бап (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру), 340-бап (ағаштарды заңсыз кесу) және 274-бап (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотталды. Айта кетейік, бұған дейін өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева айыптардың жиынтығы бойынша 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Айыптаушы тарап ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда соттың оларды жиынтығында бағалайтынын және ең төменгі мерзімді тағайындауға міндетті емес екенін алға тартқан болатын.
Іс материалдарына сәйкес, Санжар Боқаевтың үш кәмелетке толмаған баласы бар — жарыссөз кезінде прокурор жас балалардың болуын жеңілдететін мән-жай ретінде көрсетсе, қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасауын және қызметтік жағдайға байланысты көрсетілген сенімді пайдалануды ауырлататын мән-жайлар қатарында атап өткен. Бұл істі тергеуге 60-тан астам тергеуші мен 100 жедел қызметкер қатысып, сотқа 75 томнан тұратын, шамамен 13 мың беттік материал жолданған.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол табысы төмен адамдарды тартып, ақы төлеу арқылы ағаш кесу мен мүлік ұрлауды өзі ұйымдастырып, қаржыландырған, сондай-ақ алаяқтық жолымен аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.
Алайда Санжар Боқаев тағылған кінәні үзілді-кесілді жоққа шығарып, айыптау актісінде өтірік пен манипуляция көп екенін мәлімдеді. Отырыстардың бірінде ол:
«Мен, құрметті сот, түрмеден қорықпаймын. Онда жазықсыз әрі лайықты адамдар көп. Мен отырамын, бірақ адам болып қаламын (…). Мен мемлекет пен қоғамның жауы емеспін, керісінше, олигархтар мен шенеуніктерге қатты кедергі келтірген оның көмекшісімін. Елді тағы ондаған жылдар бойы тыныш тонау үшін адамды 12 жылға тығып тастау керек шығар», — деп сөз сөйледі.