Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Кешегі ойынның қаһарманы!»: Темірлан Анарбеков туралы шетелдік БАҚ таңдана жазды

«Кешегі ойынның қаһарманы!»: Темірлан Анарбеков туралы шетелдік БАҚ таңдана жазды

Алматылық «Қайрат» Конференция лигасында швециялық «Мьёльбені» 1:0 есебімен тізе бүктіріп, еурокубоктердің негізгі кезеңіндегі тарихындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл нәтижеге жетуде Қазақстан құрамасының 23 жастағы қақпашысы Темірлан Анарбековтің ойыны шешуші рөл атқарды. Тоқсан минут бойы швециялық футболшылар қақпаға 14 рет соққы бағыттағанымен, қазақстандық голкипердің сенімді ойынының арқасында доп торға түскен жоқ. Кездесу барысында жеті сейв жасаған Темірлан қазірдің өзінде турнирдегі сейв саны бойынша үздік бес қақпашының қатарына қосылды.

Швед басылымдары матчтан кейінгі талдауларында қонақтардың ойын барысында басымдық танытқанын, бірақ қақпадағы Темірланның тосқауылынан өте алмағанын жарыса жазды. Мәселен, svenskafans.com порталының шолушысы былай деп бағалады:

«Өткізбес Анарбеков. Бізге ең азы — соңғы нүкте жетіспеді. Бұл жолы сол жетіспеген нәрсе тамаша ойын өткізген 23 жастағы қазақстандық болды. Оның есімі — Темірлан Анарбеков. Қандай ойын көрсетті десеңізші! Кьер тамаша бабында болып, қақпашыны бірнеше рет сынады. Екінші таймда ол мұны негізінен әріптестеріне берген пастары арқылы жасады. Мәселен, Петтссон қақпашымен бетпе-бет шығып, гол соға алмады. Сосын айып добы болды, меніңше, ол Юссефке жетті, бірақ оның соққысын қақпашы қайтарды. Петтссон серпілген допты іліп әкетті, алайда оның да соққысын Анарбеков тойтарды. Осыдан кейін нағыз карусель басталды: Йеппе Г қақпадан қиыс тепкенше доп әр жаққа ұшып жүрді. Йеппе Кьер пасты Акиге жалғады, бірақ қазақстандық тағы да керемет сейв жасады».

Екінші бөлімде «Мьёльбенің» таразы басын теңестіруге бірнеше рет жақындағаны aftonbladet.se мен fk.a2d.tv басылымдарының назарынан тыс қалмады.

«Екінші таймда “Мьяльбю” есепті теңестіруге бірнеше рет жақын болды, бірақ “Қайрат” қақпашысы Темірлан Анарбеков тамаша ойнап, қақпасын құрғақ сақтап қалды», — деп жазды aftonbladet.se. 

Ал fk.a2d.tv тілшілері 76-минуттағы қауіпті сәтті ерекше атап өтті: 

«Матчтың 76-минутында “Мьяльбюде” есепті теңестіретін тамаша мүмкіндік болды, бірақ “Қайрат” қақпасындағы Анарбеков шапшаң реакциясының арқасында үнемі қажетті жерден табылды. Бұл Анарбековке араласуға тура келген соңғы сәт емес еді. “Мьяльбю” есепті теңестіруге тырысуын жалғастырды, бірақ команда жасай алған сол аз ғана сәттерде қақпашы голдың жолына тосқауыл болды».

Ойыннан кейін «Мьёльбенің» даниялық шабуылшысы Йеппе Кьер blt.se басылымына берген сұхбатында қарсылас қақпашысының еңбегін жоғары бағалады:

«Оған мадақ. Керемет қақпашы. Бұл ойыннан көп пайдалы нәрсе түйе аламыз деп ойлаймын, бірақ, әлбетте, өзіміз жасаған мүмкіндіктердің кем дегенде біреуін іске асыруымыз керек».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар