Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Таза пайда азайғанымен, басшылықтың табысы артқан»: «Қазатомөнеркәсіп» туралы тың ақпарат шықты

«Таза пайда азайғанымен, басшылықтың табысы артқан»: «Қазатомөнеркәсіп» туралы тың ақпарат шықты

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы таза пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға қысқарып, 320,2 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Alash.kz.

Былтыр осы кезеңде акционерлерге тиесілі таза пайда 417,5 млрд теңге болған еді, ал биылғы үшінші тоқсанның өзінде (шілде-қыркүйек аралығы) көрсеткіш 24%-ға төмендеп, 215,4 млрд теңгеден 163,6 млрд теңгеге түскен. Бір қызығы, компанияның жалпы түсімі 16,4%-ға ұлғайып, 1,39 трлн теңгеге жеткен, бұған уран сату көлемінің 10%-ға өсуі мен орташа сату бағасының 17%-ға қымбаттап, 73,51 долларға жетуі ықпал еткен. Алайда кіріс артқанымен, шығындар одан да жылдам өсіп отыр: пайдалы қазбаларды өндіру салығының жаңа мөлшерлемесі енгізіліп, әр келісімшарт бойынша өндірілген уран көлеміне қарай есептелуіне байланысты өнімнің өзіндік құны 19%-ға артып, 766,8 млрд теңгеге жеткен. Оған қоса, уранды шетел валютасымен сататын компанияға жыл басынан бері доллардың шамамен 13%-ға арзандауы ауыр тиіп, бағам айырмасынан келген шығын 1,5 млрд теңгеден бірден 48,8 млрд теңгеге дейін шарықтаған, сондай-ақ бірлескен және қауымдасқан кәсіпорындардан түсетін пайдадағы үлесі де 125 млрд теңгеден 100,2 млрд теңгеге дейін азайған.

Қаржылық нәтижелердің төмендеуіне қарамастан, компанияның жоғары басшылығына бөлінетін қаражат 15%-ға көбейген. Нақтырақ айтқанда, басқарма мен директорлар кеңесінің мүшелері кіретін негізгі басқарушы персоналға тоғыз ай ішінде жалақы мен сыйақы ретінде 1,05 млрд теңге төленген, ал өткен жылы бұл сома 912 млн теңге болатын. Сонымен қатар барлық әкімшілік қызметкерлердің еңбекақы қоры 6%-ға өсіп, 21,1 млрд теңгені құрады.

Осы қаржылық есеппен қатар компанияның басқару құрамында да тұрақсыздық байқалып, топ-менеджерлер бірінен соң бірі қызметінен кетіп, кейбірі тергеуге ілігуде. Мәселен, 2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және тағы бірқатар азаматтарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар