Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының басшылары мен студенттерге ресми үндеу жасап, университеттер мен жатақханалардағы зорлық-зомбылық, қорлау және бопсалау деректерін жасырмауға шақырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ведомствоның бұл қадамына қараша айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да небәрі он күннің ішінде екі бірінші курс студентінің көз жұмуы себеп болып отыр. Марқұмдардың бірі — 17 жастағы Дәуіл Бақыртайдың жақындары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтып дабыл қаққан еді, ал осы қайғылы жағдайлардан соң оқу орнының түлектері де жатақханалардағы ішкі тәртіп туралы ашық айта бастады. Осыған орай ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина оқу орындарының басшылығы білім алушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты екенін қатаң ескертті:
«Зорлық-зомбылық фактілерін жылы жауып қоюға, студенттердің өтініштерін елемеуге немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға жол берілмейді. Әрбір сигналдың артында адамның өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұруы мүмкін».
Қазіргі таңда студенттік ортадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, студенттік жатақханаларға арнайы полиция қызметкерлері бекітіліп, университеттерде ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойғы кезекшілігі жолға қойылды, сондай-ақ білім алушыларға қолжетімді орындарда учаскелік инспекторлардың байланыс нөмірлері ілінді. Оқу жылы басталғалы бері тәртіп сақшылары оқу орындары мен жатақханалар аумағында 566 құқықбұзушылықтың алдын алған, олардың ішінде ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегу және көші-қон заңнамасын бұзу деректері бар.
Сонымен қатар министрлік өкілдері қорқыту мен бопсалауға тап болған немесе зорлық-зомбылық әрекеттеріне куә болған жастарды уақыт оздырмай полицияға хабарласуға үндеді. Ал тәртіп бұзушыларға студент мәртебесі оларды заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтыны, тіпті өрескел қылықтар үшін оқу орнынан шығарылуы мүмкін екені ескертілді.