Алматыда өзін сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысымын деп таныстырып, мемлекеттік органдардағы күрделі түйткілдерді шешіп беруге уәде еткен жоғары лауазымды бұрынғы полицей Әлімжан Қадыров сотталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұрын бірнеше өңірдің жол полициясында басшылық қызметтер атқарған ІІМ полковнигіне қатысты қылмыстық іс бес жылдан астам уақыт бойы тергелген. Оған 2020 жылдың сәуірінде бірнеше азаматтың арызынан кейін халықаралық іздеу жарияланған еді. Кейін қолға түскен күдікті алдымен үйқамақта, сосын аз уақыт уақытша ұстау изоляторында отырып, тек 2025 жылдың соңында ғана тергеу изоляторына қамалды.
Сот барысында Әлімжан Қадыровқа алаяқтықтың төрт эпизоды бойынша айып тағылды. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол мансабының шарықтау шегінде тұрған Кәрім Мәсімовпен туыстық байланысы бар деген жалған аңызды алға тартып, таныстарынан ірі көлемде ақша жинаған, алайда шын мәнінде екеуінің арасында ешқандай туыстық жоқ болып шықты. Мәселен, бірінші жағдайда ол Алматының «Алтын шаршы» аумағынан жер телімін 53 мың долларға рәсімдеп беруді мойнына алса, екінші жәбірленушіге Алматы облысынан алма бағын алып беремін деп 200 мың долларға жуық қаражат алған. Үшінші зардап шегушінің қарыздарына байланысты елден шығуына қойылған шектеуді 35 мың долларға шешіп беруге кепілдік берген, ал төртінші жәбірленушіден бизнеске инвестиция салу сылтауымен 48 мың доллар және сол кездегі ҰҚК басшысының жұбайын емдеуге қажет деген желеумен қосымша 10 мың доллар өндіріп алған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, үш жәбірленушіден мүлде қаражат алмағанын, ал төртіншісімен толық есеп айырысқанын алға тартты. Дегенмен сот оның уәждеріне сын көзбен қарап, экс-полковникті жалпы режимдегі түзеу мекемесінде 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға және келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге үкім шығарды. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді, сондықтан бұрынғы полицейдің жазасын мемлекетке опасыздық жасағаны және жемқорлық үшін сотталған «туысымен» бір колонияда өтеуі де әбден мүмкін.