Ауғанстанның солтүстігіндегі Балх провинциясында билік басындағы «Талибан» қозғалысы ресми құжаттарда, соның ішінде медициналық карталар мен дәрі-дәрмек рецептерінде әйелдердің шын есімін көрсетуге тыйым салды, деп хабарлайды Alash.kz ауған журналистерімен бірлесіп зерттеу жүргізген британдық The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, бұл нұсқау 2026 жылдың мамыр айында күшіне енген және ауруханалар, жеке клиникалар мен өзге де мекемелердің медицина қызметкерлеріне тікелей бағытталған. Ережеге сәйкес, дәрігерлер әйел пациенттерге ауызша үн қатқанда да, құжат рәсімдегенде де олардың өз атын жазбай, жасына қарамастан барлығын «әже» немесе «егде жастағы әйел» деген мағынаны беретін «Бибі» деген ортақ атаумен белгілеуге міндеттелген.
Жергілікті әйелдер, медицина мамандары мен белсенділер мұндай тәжірибе денсаулық сақтау саласында үлкен қауіп тудыратынын жеткізді. Себебі түрлі науқастардың деректері бір ғана есіммен тіркелсе, медициналық карталар мен рецептер шатасып, пациентті қате сәйкестендіру мен дұрыс ем тағайындамау сияқты ауыр дәрігерлік қателіктерге соқтыруы ықтимал.
Құқық қорғаушылар бұл шектеуді әйелдердің дербес бірегейлігін біржола өшіруге бағытталған кезекті қадам деп бағалап отыр, дегенмен әзірге бұл тыйым бүкіл ел көлемінде ресми түрде жарияланбай, тек Балх провинциясы аумағында ғана қолданылуда. Айта кетейік, 2021 жылы «Талибан» билікке қайта келгелі бері ауған әйелдері білім алу, еңбек ету және қоғамдық өмірге араласу құқықтарынан біртіндеп айырылып келеді, ал 2024 жылдың желтоқсанынан бастап оларға медициналық институттарда оқуға да тыйым салынған болатын.