«Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы» басшылары мен «Қазатомөнеркәсіп» басқармасы мүшесінің ұсталуынан кейін Қазақстанда мемлекеттік компанияларды басқару жүйесін түбегейлі өзгерту мәселесі көтерілді. QAMS миноритарлық акционерлер қауымдастығы мәселе жекелеген жемқорлық істерімен шектелмейді деп есептейді. Ұйым шенеуніктердің ықпалын азайтуды, компания басшыларына бақылауды күшейтуді және мемлекеттік акциялардың бір бөлігін жеке инвесторларға сатуды ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz ақпаратына сүйеніп.
Мемлекеттік компанияларды басқару жүйесі сынға алынды
QAMS өкілдерінің пікірінше, жемқорлық даулары мемлекеттік активтерді басқару жүйесіндегі кемшіліктерді көрсетіп отыр. Қауымдастық «Самұрық-Қазына» қоры еншілес компаниялардың жұмысына шамадан тыс араласады, ал маңызды шешімдер санаулы адамның қолында шоғырланған деп есептейді.
«Қалыптасқан жағдай жекелеген лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берумен ғана шектелмей, Қазақстандағы мемлекеттік активтерді басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауды талап етеді», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, ұйым нақты тұлғалардың кінәлі не кінәсіз екенін тергеу органдары мен сот анықтауға тиіс екенін атап өтті.
Жасанды интеллектінің директор болып сайлануы да сыналды
Қауымдастық «Самұрық-Қазына» тобындағы корпоративтік басқару сапасын төмен бағалап отыр. Ұйымның пікірінше, директорлар кеңесі кей жағдайда сырттан қабылданған шешімдерді тек ресми түрде бекітетін органға айналуы мүмкін.
QAMS өкілдері қордың тәуелсіз директоры болып SKAI жасанды интеллектісінің сайлануына да қатысты пікір білдірді. Олардың пайымынша, бұл шешім Қазақстан заңнамасына қайшы, өйткені директорлар кеңесінің мүшесі тек жеке тұлға болуы керек.
«Жасанды интеллект құқық субъектісі бола алмайды, өзіне жүктелген міндеттерді атқаруға және қабылдаған шешімдері үшін заң алдында жауап беруге қабілетсіз», – деді қауымдастық өкілдері.
Ұйым бұл мәселе бойынша қорға бірнеше рет жүгінгенімен, нақты құқықтық түсініктеме алмағанын мәлімдеді.
«Самұрық-Қазынаның» кемінде 10 пайыз акциясын сату ұсынылды
QAMS-тың негізгі ұсыныстарының бірі – «Самұрық-Қазына» қорының кемінде 10 пайыз акциясын Қазақстанның қор биржалары арқылы сатылымға шығару.
Бұдан бөлек, қауымдастық «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC, «ҚазТрансОйл» және «Қазақтелеком» компанияларындағы мемлекеттің үлесін біртіндеп 51 пайызға дейін азайтуды ұсынды.
Осылайша мемлекет компанияларды бақылау құқығын сақтап қалады, ал жеке инвесторлардың олардың қызметіне ықпал ету мүмкіндігі артады.
Шенеуніктерді директорлар кеңесінің құрамынан шығару ұсынылды
Қауымдастық мемлекеттік қызметшілерге, соның ішінде Үкімет мүшелеріне қор мен оның еншілес компанияларының директорлар кеңесіне мүше болуға тыйым салуды ұсынды.
Ал директорлар кеңесінің төрағалары тек тәуелсіз директорлар арасынан сайлануға тиіс.
Сондай-ақ, миноритарлық акционерлерге мемлекеттің қатысуынсыз кемінде бір тәуелсіз директорды өз бетінше сайлау құқығын беру ұсынылды.
QAMS пікірінше, мемлекет акционер ретіндегі құқықтарын жүзеге асыруы керек, бірақ компаниялардың күнделікті жұмысына араласпауы қажет.
Компания басшыларының қанша табыс табатыны жария болуы керек
Қауымдастық мемлекеттік компанияларды директорлар кеңесінің әр мүшесіне төленетін сыйақы көлемін жеке-жеке жариялауға міндеттеуді ұсынды. Бұл негізгі төлемдерге ғана емес, сыйақыларға, бонустарға және өзге де қосымша табыстарға қатысты.
«Қоғам мен инвесторлар мемлекеттік активтерді басқаруға жауапты тұлғаларға қанша қаражат төленетінін білуге құқылы», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, ұйым компания басшыларына берілетін сыйақыны кәсіпорынның ұзақмерзімді нәтижелерімен байланыстыру қажет деп есептейді. Ал заңбұзушылық, қаржылай есептілікті бұрмалау немесе жосықсыз әрекеттер анықталған жағдайда бұрын төленген бонустарды қайтару ұсынылды.
«Капитал нарығының басты құндылығы – сенім»
QAMS өкілдерінің пікірінше, мемлекеттік компанияларды басқарудағы кемшіліктер жеке инвесторларға ғана емес, мемлекеттің өзіне де қаржылай шығын әкелуі мүмкін. Компания басшылығына деген сенімнің төмендігі мен акционерлер құқықтарының жеткілікті қорғалмауы кәсіпорындардың нарықтық құнына кері әсер етеді.
Қауымдастық Үкіметті, Парламентті, Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеуші органды «Капитал нарығы туралы» заңды әзірлеу және мемлекеттік активтерді басқару жүйесін реформалау барысында аталған ұсыныстарды ескеруге шақырды.
«Капитал нарығының басты құндылығы – сенім. Инвесторлардың корпоративтік басқару жүйесіне, өз құқықтарының қорғалуына және қабылданатын шешімдердің адалдығына деген сенімі – капитал нарығының ұзақмерзімді дамуының негізгі шарты», – деп атап өтті қауымдастық өкілдері.