Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Құр тыйымнан мәселе шешілмейді»: Асхат Аймағамбетов жаңа заңнамалық түзетулерді жариялады

«Құр тыйымнан мәселе шешілмейді»: Асхат Аймағамбетов жаңа заңнамалық түзетулерді жариялады

Құрылтай депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов тамыз айында Мемлекет басшысы берген тапсырма аясында фастфуд пен энергетикалық сусындардың айналымын реттеуге бағытталған жаңа заңнамалық түзетулер әзірленгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың сөзінше, еліміздегі балалар денсаулығына қатысты статистика дабыл қағарлық күйде, өйткені зерттеу нәтижелері 5-9 жастағы әрбір төртінші балаға жуығында артық салмақ барын көрсетсе, 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типтегі қант диабетінің мыңнан астам дерегі тіркелген. Осыған байланысты «Әділет» фракциясының депутаттары мен комитет мүшелері сарапшылармен бірлесіп арнайы заң жобасын дайындаған, ал дұрыс тамақтану мен бала құқығын қорғау партия бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі саналады.

«Біз бұл шараларды кезең-кезеңімен енгізуді ұсынамыз. Жаппай тыйым салмай, оларды іске асыруға кететін шығынды да ескеру маңызды. Әңгіме фастфудқа түгелдей тыйым салу туралы емес, балаларды оны тұтынуға итермелейтін жарнаманы шектеу туралы», — деді Асхат Аймағамбетов.

Әзірленген ұсыныстардың өзегі қанты, тұзы мен қаныққан майы шамадан тыс өнімдердің агрессивті жарнамасын балалар арналарында, балалар бағдарламаларында, балаларға арналған барлық мекемеде және әлеуметтік желілерде шектеуге бағытталған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында бұрыннан бар талаптардағы олқылықтарды жойып, балалар жүретін орындарда мұндай тағамдарды сатуға қатысты негізгі шектеулерді заң деңгейінде бекіту көзделіп отыр. Өнім құрамының ашықтығын қамтамасыз ету үшін тұтынушы қаптаманың артындағы ұсақ жазуға үңілмей-ақ зиянды компоненттерді бірден аңғаруы тиіс, сондықтан бастапқы кезеңде бұл мәліметті дүкендегі баға белгілері мен ас мәзірінде көрсету, ал қаптамаға арнайы ескерту енгізу мәселесін ЕАЭО деңгейінде қарастыру жоспарлануда, әрі халықаралық тәжірибе өндірушілердің өнім құрамындағы қант мөлшерін азайтуға толық мүмкіндігі бар екенін дәлелдеп отыр.

«Энергетикалық сусындарға бөлек тоқталайын. Бұл сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. 2026 жылдан бастап акциз енгізіліп, оның мөлшерлемесін 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен көтеру көзделген. Ендігі міндет - осы шектеулердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Сондықтан жеткізу кезінде сатып алушының жасын тексеруді, энергетиктерді касса маңынан алып тастауды және балаларға бағытталған жарнама мен демеушілікті шектеуді ұсынамыз», — деп атап өтті комитет төрағасы.

Қазіргі уақытта бастаманың екінші кезеңіне енетін өзге де тетіктер сарапшылармен бірге пысықталу үстінде, ал алдағы жұмыстар Денсаулық сақтау министрлігі, бизнес қауымдастық, ата-аналар және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарылатын болады.

«Құр тыйыммен барлық мәселе шешілмейтіні анық. Біз балаларды дәмді тағамнан қағып, бизнеске артық кедергі жасауды көздеп отырған жоқпыз. Бірақ айналадағы жарнама мен сауда балаларды зиянды өнімге үнемі қызықтырып тұрғанда, тек ата-анадан ғана дұрыс таңдау жасауды талап ету әділетсіз. Біздің міндет - отбасын бұл мәселемен жалғыз қалдырмай, қолдау көрсету», — деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар