Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Төрт баланың анасын күйеуімен ажырасып, өзіне тиюге көндірген". Маңғыстауда жалған некеге тұрып, 50 млн теңге жымқырған подполковник сотталды

20:06, 15 тамыз 2026

Маңғыстау облысында ҰҚК Шекара қызметі департаментінің 45 жастағы аға уәкілі жалған неке арқылы мемлекеттен тұрғын үй төлемін заңсыз алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Alash.kz порталы «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, әскери қызметкер тұрғын үй төлемінің көлемін арттыру үшін отбасы құрамын әдейі көбейткен. Ол төрт баланың анасын күйеуімен ажырасып, өзіне тұрмысқа шығуға көндірген. Бұл үшін оған 3 миллион теңге беруге уәде еткен.

Әйел бұрынғы күйеуімен ажырасып, әскери қызметкермен ресми некеге тұрған. Кейін оның төрт баласының туу туралы куәліктері нотариус арқылы расталып, құжаттар Шекара қызметінің тұрғын үй комиссиясына тапсырылған.

Нәтижесінде әскери қызметкердің есепшотына мемлекеттен шамамен 50 миллион теңге көлемінде біржолғы тұрғын үй төлемі түскен. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұл қаражатты пәтер сатып алу мәмілесі арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Кейін әйелге уәде етілген 3 миллион теңгені беріп, ерлі-зайыптылар некесін қайта бұзған.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындамай, некенің шынайы болғанын мәлімдеген. Алайда төрт баланың анасы оның сөзін жоққа шығарып, әскери қызметкермен бірге тұрмағанын және некенің жалған болғанын айтқан.

Әскери сот істі қарап, жалған неке мен алаяқтық фактілері дәлелденді деген қорытындыға келген.

Сот шешімімен әскери қызметкер 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол «подполковник» әскери шенінен айырылып, мемлекетке келтірілген 50 миллион теңге көлеміндегі шығынды толық өтеуге міндеттелді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар