Қазақстан үкіметі Қашаған мұнай кен орнын игеру жобасы аясында жасалған жалпы құны 10,7 млрд доллар болатын келісімшарттарға қатысты жемқорлық белгілері болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Халықаралық журналистік зерттеу консорциумы (ICIJ) жазды, деп жазды Alash.kz.
Мәселе 2000-жылдары Қашаған консорциумы халықаралық инженерлік және құрылыс компанияларына берген шамамен оннан астам келісімшартқа қатысты болып отыр. Қазақстан тарапы кейбір келісімдерде мүдделер қақтығысы, шығындарды негізсіз өсіру немесе пара беру фактілері болуы мүмкін деп есептейді.
Биліктің пікірінше, ықтимал жемқорлық пен жобаны басқарудағы тиімсіздік Қашаған кен орнын іске қосуды бірнеше жылға кешіктіріп, Қазақстанға миллиардтаған доллар шығын келтірген. Кен орнында толық өндіріс тек 2016 жылы басталған.
Бұл талаптар Қазақстан мен Қашаған операторы NCOC арасындағы халықаралық арбитраждық даудың бір бөлігі. Даудың жалпы көлемі 160 млрд долларға бағаланып отыр. Іс бойынша түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ.
NCOC өз кезегінде консорциум мүшелері келісімшарттар мен Қазақстан заңнамасына, сондай-ақ тиісті халықаралық стандарттар мен озық тәжірибеге сәйкес әрекет еткенін мәлімдеді.
Сонымен қатар компания Қазақстан ұсынған кейбір материалдарда ықтимал жемқорлыққа қазақстандық шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін деген тұжырымдар бар екенін алға тартқан.