Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ұлт ақыл-ойының өрендері". Қазақстандық оқушы әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енді

17:54, 15 тамыз 2026

Ташкент қаласында информатикадан халықаралық IOI 2026 олимпиадасы аяқталды. Биылғы додаға әлемнің 92 елінен 375 оқушы қатысты, деп жазды Alash.kz.

Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдеге ие болып, ел қоржынына 1 алтын және 3 күміс медаль салды. Нәтижесінде Қазақстан әлемдік командалық есепте 10-орынға тұрақтады. Бұл – ұлттық құраманың олимпиада тарихындағы үздік нәтижелерінің бірі.

Ең жоғары нәтижені Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Максим Цой көрсетті. Ол алтын медаль жеңіп алып, жеке есепте 5-орынға ие болды. Осы нәтижесімен қазақстандық оқушы әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енді.

Қазақстанның күміс жүлдегерлері:

  • Алдияр Сейтбай – Астанадағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
  • Мансур Мамадахунов – Қызылорда облысындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
  • Асқар Әкежан – Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы.

Ұлттық құраманы Astana IT University бас жаттықтырушысы Темірлан Сатылханов пен International University of Information Technology синьор-лекторы Айбар Қуанышбай бастап барды.

Өткен жылы қазақстандық оқушылар IOI-2025 олимпиадасында 3 күміс және 1 қола медаль алып, командалық есепте 14-орынға тұрақтаған еді. Биыл Қазақстан құрамасы бұл көрсеткішін төрт сатыға жақсартты.

Қазақстан оқушылары информатикадан халықаралық олимпиадаға қатысқан жылдар ішінде жалпы 79 медаль жеңіп алған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар