Түркістан облысында жанармай құю бекетінде ірі өрт болды, деп жазды Alash.kz.
Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы жанармай құю бекетінің аумағында ірі өрт шықты. Тілсіз жау жанармай таситын көлікті, әкімшілік ғимаратты және жанар-жағармай сақталған резервуарлар орналасқан аумақты шарпыған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт жанар-жағармайды төгу кезінде сыйымдылығы 10 тонна болатын жанармай таситын көліктен шыққан. Жалын кейін әкімшілік ғимараттың қаптамасына тарап, өрттің жалпы аумағы 70 шаршы метрді құраған.
Сонымен қатар өрт жанар-жағармай сақталған төрт резервуар орналасқан аумаққа да тараған. Әр резервуардың сыйымдылығы – 25 тонна.
Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылды. Өртті сөндіруге «Көксарай» АҚ және «Шілік» АҚ қызметкерлері де қатысты.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт толық сөндіріліп, жалынның одан әрі таралуына жол берілмеген.
Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір мамандар өрттің нақты шығу себебін анықтап жатыр.