Астанада BXB түнгі клубының маңындағы төбелестен кейін қаза болған 18 жастағы Ади Чукеевтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот Медет Абдираш пен Адильхан Аяпбергенді кінәлі деп таныды.
Сот шешіміне сәйкес, Медет Абдираш ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Адильхан Аяпбергенге 8 жыл 6 ай жаза тағайындалды.
Екеуі де жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. 2025 жылғы 27 желтоқсаннан бастап қамауда болған уақыты үкім заңды күшіне енгенге дейінгі мерзімге бір күнге бір жарым күн есебімен есептеледі. Қазір сотталғандар қамауда қала береді.
Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сотталғандардан марқұмның отбасына:
- 10 млн теңге – моральдық зиян үшін;
- 1,9 млн теңгеден астам – материалдық шығын ретінде;
- 2 млн теңге – өкілдің қызметіне жұмсалған шығын ретінде өндірілетін болды.
Осылайша, марқұмның отбасына төленетін өтемақының жалпы сомасы 13,9 млн теңгеден асты.
Бұдан бөлек, әр сотталған адам Жәбірленушілерге өтемақы қорына 78 640 теңгеден, сондай-ақ процессуалдық шығындар мен мемлекеттік бажды төлеуге міндеттелді.
Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандардың қорғау тарапы шешіммен келіспейтінін білдіріп, апелляциялық шағым түсіруі мүмкін.