Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанда азық-түлік бағасы арзандады: Қай өнімдердің бағасы төмендеді?

13:08, 15 тамыз 2026

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы бір апта ішінде төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазды Alash.kz.

Ең айтарлықтай арзандаған өнім – картоп. Оның бағасы бір аптада 4,2%-ға төмендеді. Республика бойынша картоптың орташа бағасы 259 теңге/кг болды. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, онда бір келі картоп 191 теңгеден сатылған.

Сонымен қатар ақ қауданды қырыққабаттың бағасы 1,2%-ға, алма 1,1%-ға, пияз бен сәбіз 1%-ға арзандады. Қатты және жартылай қатты ірімшік 0,3%-ға, сүзбе мен тұз 0,2%-ға, бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ 0,1%-ға төмендеді.

Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы 189 теңге/кг болды. Ең арзан баға Түркістанда – 142 теңге, Таразда – 152 теңге деңгейінде тіркелді.

Алманың республика бойынша орташа бағасы 797 теңге/кг болса, ең төмен баға Шымкентте – 639 теңге.

Ал ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 3 779 теңге/кг, тауық етінің бағасы 1 736 теңге/кг болды.

Өңірлер арасында азық-түлік бағасының ең көп төмендеуі Талдықорғанда – 0,7% байқалды. Ақтау мен Жезқазғанда баға 0,4%-ға, Петропавлда 0,3%-ға, Астанада 0,2%-ға төмендеген.

Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің жалпы бағасы өзгеріссіз қалды.

 
 
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар