Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Трамп Ормуз бұғазын АҚШ аумағына қосып, "біздің жер" деп жариялайтынын мәлімдеді

10:32, 15 тамыз 2026

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыс аяқталғаннан кейін Ормуз бұғазын Америка Құрама Штаттарының аумағы деп жариялайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 15 тамызда Лонг-Айлендте өткен митинг кезінде айтты, деп жазды Alash.kz.

Трамптың сөзінше, Иран соғыста «ойсырай жеңіліп жатыр» және АҚШ жеңіске жеткеннен кейін Ормуз бұғазына қатысты шешім қабылданады.

«Иранды жеңгеннен кейін, мен жақын арада Ормуз бұғазын Америка Құрама Штаттарының аумағы деп жариялаймын», – деді Трамп.

Америкалық президент Иран порттарының АҚШ тарапынан қоршауға алынуын «болат қабырға» деп атап, америкалық әскерилердің «өте жақсы жұмыс атқарып жатқанын» айтты. Сонымен қатар ол бұғаз маңындағы жағдайдың АҚШ-тағы жанармай бағасына әсер етіп отырғанын мойындады.

Трамп Иранның ядролық бағдарламасына да тоқталып, Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу қажет екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Ормуз бұғазы халықаралық теңіз қатынасы үшін маңызды су жолдарының бірі саналады. Көптеген мемлекеттер оны халықаралық кеме қатынасы аймағы ретінде қарастырады. Оның құқықтық мәртебесіне қатысты халықаралық теңіз құқығы нормалары, соның ішінде 1982 жылғы БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы қолданылады. Алайда Иран да, АҚШ та аталған конвенцияны ратификациялаған жоқ.

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа бірқатар талап қойған болатын. Тегеран атысты тоқтатуды, блокада мен санкцияларды алып тастауды, келтірілген залалды өтеуді және бұғатталған активтерді босатуды талап еткен.

Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай тасымалының елеулі бөлігі өтетіндіктен, ондағы кез келген шиеленіс халықаралық энергетикалық нарыққа және мұнай бағасына әсер етуі мүмкін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар