Күні бүгін дүниеде һеш нəрсенің асылы білінбей қалған жоқ. Һəр нəрсенің түбі тексерілді, асылы білінді. Білімі артық, көзі ашық жұрттар дүниедегі адам баласының асылын, нəсілін тексеріп болып, барлығын кітапқа жазып шығарды. Бөтен жұрттар қатарында ала-бөтен – біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы жазылған жоқ.
Бұ күн Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қанша миллион қазақтың тарихы көмескі қалыпта тұрған жайы бар. Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қаншама кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтатыны жоқ. Арабша, түрікше, орысшада біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бəрі де хақиқатқа халаф – шіп-шикі өтірік, қанағат табарлық һеш бір сөз жазылған жоқ.
Тарих кітаптарындағы көп хатаның бірі – тарих жазушылардың һеш бірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында асылар ілгі жоқ. Түркімен менен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа-басқа ел. Орыстардың, əсіресе үкіметтің, қазақты қазақ демей, қырғыз деп жүргені рас, бірақ олар өзінің атты «Казачий» əскерінен айыру үшін – жаңылыс болса-дағы – қазақты қырғыз атап жүр. Өзіміздің түрік қауымдарының, əсіресе басшыларының, қазақ пен қырғызды айырмағаны хата, кешпестік айып (!).
Қазақтың қырғыз атанбай қазақ атанғанын тəуір көруі орыстың қазаққа ұқсауы үшін деген ноғайлар да бар. Мұнысы бет алдына ылаққан сөз. Тарихтың көрсетуі бұған ереуіл келеді. Орыста бұрын атқа міну əдеті болмаған. Осы күнгі хохолша сиыр жегіп, өгіз мініп күн көрген. Бір сыпыры халқы, түріктерден көрмекші, салт-əдет айтып, біздің қазаққа ұқсағаннан соң «Казаший» («Казачье войско») атанып кеткен. Орыстың атты əскері қазақпын десе, біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес.
Осы ғасырдағы əлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, жəне өзіміздің шарқ əдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мəдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ əдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы.
Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бір жұмысы: мекемеден шеткері болған һəр бір істі орында, һəр бəр істе «киргиз» деген жаңылыс атты қойып «казак» деген атты қолдауы тиіс. Бұл болмайтын іс, ағынға қарсы (против течения) деген сөз – сөз емес, біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз!
Қазақтың тарихы турасында жəне екінші хата: осы күнгі қазақты ұлық Шыңғыс ханнан бұрынғы замандарда болған қырғыз қауымының нəсілінен деп түсіну (!). Олай түсінудің хата екендігі аз ойлау менен білінетін нəрсе.
Осы күнгі қазақ(тың) ол қырғыздың нəсілінен емес екендігіне дəлел толып жатыр. Осы күнде қазақта қыпшақ, арғын, керейіт, найман, қоңырат деген рулар бар. Бұл рулар анау қырғыздардан басқа болып, оларменен қатар жүріп, қатар тұрған елдер еді. Енді қырғызбенен қатар жүрген найманды қалай бұрынғы қырғыздың нəсілінен деп айтуға болады?!
Қырғыз бен қазақ арасында қандай басқалық барлықты, сөздің реті келген сайын баяндап тұрмақпыз. Əзір ұғатынымыз мынау: қазақ бен қырғыз басқа қауым; бұл қазақ хазірет Ғайсаның (Иса) ар жақ, бер жағындағы қырғыздың нəсілінен емес, қазақ «киргиздікті» қойып, қазақты қуаттауы тиіс.
«Қазақ» газетасының екінші нөмірінен басталып «Қазақтың тарихы» жазылып тұрмақшы. Бұл жазатын тарихымыз онан-мұнан құралған тарихқа тиісті сөздер емес, нағыз шын, жете тарих дəрістері болады. «Қазақ» газетасын үзбестен оқып тұрған адам қазақтың тарихын жете білуге болады.
Қазақтың тарихына тиісті сөздер, материалдар жазып басқармаға жіберуші болса, «Қазақтың тарихын» жазғанда пайдаланып тұрмақпыз, һəр кімнің істеген-білгені болса, жазып тұруын өтінеміз.
«Ғалиа» шəкірттерден Құл Мұхаммед əпенді Оразаев жəне балалары Мəшһүр «Асан қайғы» турасында есітіп-білгендерін жазып басқармаға жіберіпті. Мұның ішінде біз пайдаланарлық сөздер көп.
Түрік баласы. «Қазақ» газеті, 1913 жыл, №3
Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. VIII том.-Астана, 2018
Alash.kz ұлттық порталы